Басты Жаңалықтар Жаңа Конституцияда теңге ұлттық валюта ретінде бекітіледі

Жаңа Конституцияда теңге ұлттық валюта ретінде бекітіледі

Ата заңның жаңа жобасында теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту қарастырылған. Құжатқа сәйкес, теңге Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы әрі жалғыз ақша бірлігі болып айқындалмақ. Сонымен қатар, азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді. Бұл туралы бүгін Конституциялық комиссияның 9 - отырысында  айтылды.  Кезекті жиында тағы қандай ұсыныстар талқыланды? 

Теңгені ұлттық валюта ретінде басты құжатта айшықтау - елдің қаржылық егемендігін күшейтуге деген сөз. Бұған дейін теңгенің мәртебесі заңдар мен Ұлттық банк туралы нормаларда ғана көрсетілсе, енді ол тікелей Ата заңда бекітіледі. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам ұлттық валютаның тұрақтылығын құқықтық тұрғыда қорғауға  негіз болмақ.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, конституциялық комиссия мүшесі:

Өткен отырыста әріптестеріміз бірнеше ұсыныс енгізді. Олар өте маңызды және көптеген елдерде Конституциялық құқықтық реттеудің нысанасына жатады. Мысалы, теңгені  ұлттық валюта ретінде Конституциялық тұрғыда  бекіту туралы ұсынысты іске асыру мақсатында 2-бап 6-тармақпен толықтырылды. Аталған тармаққа сәйкес, Теңгені ремиссиялаудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі.

Азаматтардың ақысыз көмек алуына мемлекет кепілдік береді

Желіде мемлекет тегін білім беру мен медициналық көмекті қысқартады деген ақпарат тараған. Жиында осы  жаңсақ мәліметке қатысты нақты жауап берілді.  Ел қазынасының 40 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталатыны белгілі. Жаңа Конституция жобасының алғы сөзі мен бірінші бабында да еліміздің әлеуметтік мемлекет екені нақты жазылған.  Сондықтан азаматтардың ақысыз  көмек алуына мемлекет кепілдік береді,-деді Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева.

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі:

Мына нәрсені айқын түсінуіміз керек. «Тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ — «азаматтар ақы төлемей, заңда белгiленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы» деген тұжырымдамамен алмасты. Азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді. Расында, аталған қызметтер ешқашан өздігінен тегін болған жоқ, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді.

Жаңа Конституцияда сөз бостандығы шектелмейді

Жаңа Ата заң жобасында сөз бостандығын шектейтін ешқандай норма қарастырылмаған. Отырыста баяндама жасаған белгілі журналист Ерқанат Көпжасарұлы,-осылай деді. Оның сөзінше, құжаттағы басты мақсат - ой еркіндігін шектеу емес, жауапкершілікті күшейту және қоғамға қауіп төндіретін арандатушылықтың алдын алу.

Ерқанат Көпжасар, журналист, Конституциялық комиссия мүшесі:

Ой азаттығы бұл елдің азаттығы. Бұл ұлы ұстаным мемлекеттің басты құжаты Ата заңымызда бедерленуі еркін кепілдігінің, ел дамуының өзегі екенін айқындайды. Еркін ойсыз ел көсегесі көгермейді, ашық пікір алмасусыз алға баспайды. Жаңа жобада сөз бостандығын шектеуге қатысты норма жоқ.

Ерлан Қарин: Жаңа Конституция басқа елдерге үлгі бола алады

Жаңа  Ата заң заман тынысын дөп басқан, болашаққа бағытталған құжат. Ондағы тың ұстанымдар мен жаңашыл нормалар тек Қазақстан үшін ғана емес, өзге мемлекеттерге де үлгі бола алатын деңгейде. Талқы барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция қабылдаудың мән-маңызына тоқталды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

Біздің ел алғашқылардың бірі болып цифрлық деректерді қорғау нормасын негізгі заңға енгізіп отыр. 21-баптың 1-тармағында «Жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі деп жазылған. Түйіндеп айтқанда, басқа елдердің Конституциясын көшіру, қайталау біздің жолымыз емес. Керісінше, келешекте Қазақстан жаңа Конституция арқылы өзге елдерге өзіндік үлгі, бағдар болмақ.

Конституциялық комиссия отырыстарында ұсыныстарды талқылау алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа Ата заңға енгізілетін әрбір норма толық талданып, жан-жақты сараптамадан өтпек.

Бөлісу