Басты Жаңалықтар Оралда бұқтырылған киік етін нарыққа шығара бастады

Оралда бұқтырылған киік етін нарыққа шығара бастады

Оралда бұқтырылған киік еті өндіріле бастады. Ет зауыты тәулігіне 15 мың дана қалбырдағы дайын өнімді нарыққа шығарады. Әріптесім Ардақ Мұратқызы диеталық тағамды дайындаудың технологиясымен танысып келді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Киік еті әуелі осында сүйегі мен сіңірінен ажыратылады. Кейін мына жерде, яғни ет бөлімінде қалбырға салынады. Содан соң су мен буда өңделіп, қапталып, дайын өнім сатуға шығарылады.

Ет өңдеу зауыты күзде ауланған киіктің 27 мың тушасын қабылдап, қоймаға сақтап қойған. Қазір сол шикізат бөлшектеліп, қайта өңделіп жатыр. Мұнда санитарлық нормалар қатаң сақталады. Қалбырдағы ет арнайы аппаратта 125 градуста өңделеді. Дайын өнім тағам қауіпсіздігі бойынша зертханалық талдаудан өтеді.

Гүлжазира Кенже,алиева, бас технолог:

Герметично банкісі жабылып, автоклавта стерилизация процесінен өтеді. 120 градуста 60 минут пісіреміз. Киік еті сиыр мен қой етіне қарағанда, дәрумендерге өте бай. Д дәрумені өте көп және ол диеталық тағамға жатады. Оны спортшыларға да, аяғы ауыр әйелдерге, балаларға да беруге болады.

Қалбырдың сыртына өнімнің шығарылған күні, уақыты жазылып, қапталып, сауда сөрелеріне шығарылады. Бұл тағамнан бөлек, университет ғалымдары киік етінен шұжық жасап көрген еді. Олар да бөкен етінің ақуызға, дәрумендерге бай екенін айтады. Ал былтыр өңірде 108 мыңнан астам киік ауланды. Шикізат он бес кәсіпорынға жеткізілді.

Нұрлан Рақымжанов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы:

Былтырғы санақ бойынша біздің облыста 2 млн 300 мың бас киік бар. Ол енді төлге дейінгісі, әрине. Бес айдың ішінде біздің облыс бойынша 108 мың 458 бас ауланды. Киіктің мүйізі 91 мың 450 дана алынды. Олар Алматыда сақтаулы тұр және қарулы күзет бар.

Қалбырдың салмағы – 325 грамм. Бағасы - 949 теңге. Сауда орындары оған тек 15 пайыз үстеме баға қосып сата алады. Бұқтырылған киік еті әзірге тек көрші аймақтарға, ел ішінде сатылып жатыр. Болашақта өнімді экспорттау көзделген.


Бөлісу