Басты Жаңалықтар Маңғыстаулық студенттер туризм саласын меңгеруде

Маңғыстаулық студенттер туризм саласын меңгеруде

Маңғыстау – туристік әлеуеті жоғары ТОП-10 өңірдің қатарында. Аймақта туристік нысандар көбейіп, қызмет көрсету саласы мамандарына сұраныс артқан. Осыған орай кәсіптік білім беру орындары оқу бағдарламаларын жаңартып, 7 мыңдай студентті туризм саласына даярлап жатыр. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.  

18 жастағы Сұлтанбек Қайрақбай Маңғыстау туризм колледжінің үшінші курс студенті. Мамандығы - технолог-менеджер. Оған қоса ол аспазшы, даяшы, бармен мен бариста қызметтерін де меңгерген. Тіпті түрлі сусын дайындайды. Жуырда тары араласқан кофеге авторлық құқық алған.  

Сұлтанбек Қайрақбай, студент:

Біздің кофенің ерекшелігі – бұл салқын күйінде жүреді. Көп жерлерде тарымен кофе жасаған кезде тарыны ысыту арқылы лезде тары өзінің дәмін ашып жетіспейді. Ал бізде тарыны біз алдын ала сүтке бұқтырып аламыз. Болашаққа жоспарым осындай тамақтандыру саласында, кофейня саласында көбірек осындай ұлттық нақышта жұмыс жасау былай айтқанда.

Колледж студенттері шетінен жаңашыл әрі, мамандықтарын мақтан тұтады. Жуырда олар жантақ шөбінен дайындалатын тағы бір ерекше сусын ойлап тапты. Патент алып, оны мейрамханалар мен дәмханаларға ұсынуды көздеп отыр. 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Мына жер бір қарағанда қонақ үй бөлмесі сияқты бірақ, бұл – колледждің оқу-практикалық аумағы. Мұнда қаладағы 5 жұлдызды қонақүйлер стилінде безендірілген осындай 4 бөлме бар. Студенттер мұнда қонақ үйде көрсетілетін қызметтерді үйренеді.  

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы туризм колледжін бітірген түлектер 100 пайыз жұмысқа орналасады. Одан бөлек облыста тағы 6 колледж туризм мен қызмет көрсету саласына мамандар даярлауда. Оларда шамамен 7 мың студент оқиды. Биыл осы салаларда жаңадан мамандықтар ашылмақ. 

Құралай Жарылғасова, облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының бөлім жетекшісі:

Ел Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Соған байланысты осы Маңғыстау туризм колледжінде графикалық дизайн мамандығы ашылайын деп отыр. Сонымен қатар «Туристік дестинация» жаңа бір мамандық ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Осы келесі алдағы оқу жылына.

Қазір облыста даяшыларға, аспаздар мен гид қызметіне сұраныс жоғары. Болашақта авиациялық мамандықтарды да ашу жоспарланған. 


Бөлісу