Басты Жаңалықтар Конституцияның жаңа жобасына қатысты 4 мыңнан аса ұсыныс түскен

Конституцияның жаңа жобасына қатысты 4 мыңнан аса ұсыныс түскен

Респонденттердің 78 пайызы Конституциялық реформаны қолдайды. Жақында «Қоғамдық пікір» институты өткізген сауалнаманың нәтижесі осындай. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов ата заңға деген қоғамдық көзқарастың өзгеріп келе жатқанын айтты. Басты құжаттың мәтіні түбегейлі жаңарып, мазмұны арта түскені рас. Тәуелсіздік, егемендік ұғымдары да айрықша аталып жатыр. Бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысында спикерлер көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін қоғамдық талқылау айтарлықтай жандана түскен. Бүгінде «е-Өтініш» платформасына  келген ұсыныстар саны 4 мыңнан асқан. Стратегиялық зерттеулер институты директорының сөзінше, азаматтар Ата заңды тек билік органдарының өкілеттігін айқындайтын құжат ретінде емес, мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беретін, құндылықтар мен қағидаттарды бекітетін негізгі темірқазық ретінде қабылдай бастаған.

Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры, Конституциялық комиссия мүшесі:

Атап айтқанда респонденттердің 65% ұсынылып отырған өзгерістер олардың өміріне оң әсер етеді деп сенеді. Нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі, яғни респонденттердің 78% конституциялық реформаны қолдайтынын білдірді. Қоғамдық пікірді зерттеу көрсеткендей конституциялық реформа азаматтардың кеңінен талқылауға қатысуға және қоғамдық қолдауға сүйенеді.

Жаңа Конституция жобасында - Қазақстанның аумақтық тұтастығы сақталады. Бұл ешқашан талқыланбайтын тақырып. Құжатта ел шекарасына қол сұғылмайтыны анық жазылған және ол өзгермейтін құндылық ретінде бекітіледі. Сондай-ақ Тәуелсіздік, Егемендік ұғымдары да айрықша айшықталып жатыр. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің сөзінше, қолданыстағы Конституцияда бұл қастерлі екі сөз екі-ақ рет кездеседі. Ал жаңадан жазылған Ата заңда 6 мәрте аталады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі–Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

Қолданыстағы 1995 жылы қабылданған Конституцияда тарих туралы бір сөз жоқ. Жаңа конституцияның жаңа преамбуласындағы ұлы даланың мыңжылдық тарихын, сабақтастығын сақтай отырып деген сөйлем тарихымыздың үздіксіз сабақтастыққа ие екенін, Қазақстан көшпелілер өркениетінің ошағы екенін айғақтайды. Осылайша, тарихымыз Конституцияда тұңғыш рет декларация емес, мемлекеттік құндылық ретінде бекітіліп отыр. Преамбуладағы «ұлы дала», «мыңжылдық тарих» деген ұғымдар Қазақстан тарихи субъект екендігін паш етеді.

Ұлттың төлқұжаты болған тіл туралы мәселе талайды алаңдататыны анық. Ерлан Қарин жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған әрі айқын бекітілгенін айтты.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі–Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

Яғни бізде мемлекеттік тіл біреу, ол - қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекетіміз барда ол ешқашан ол тұғырдан түспейді. Демек сол үшін ең бастысы мемлекетті сақтау керек, мемлекетті қорғау керек. Ең бірінші ел бірлігін ойлау керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы түрлі құжаттармен жұмыс жасағанда өзінің сөйлейтін сөздерін үнемі Егемендік пен Тәуелсіздік сөздерін бас әріппен жазады. Біз де Конституция жобасын жаңа мәтін дайындаған кезде осы ұстанымды қолданғанды дұрыс көрдік.

Ал Айдос Сарым Конституциялық реформаның жұмысына Конституциялық сот, Жоғары сот, Парламент аппараты, Үкімет аппараты, Президент әкімшілігі, мәслихаттар және қоғамдық кеңестердің қызметкерлері ат салысқанын айтты.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:

Әрбір сыни пікір бізге Конституцияны жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл референдум – тек заңдық процесс емес, бұл елдің саяси және әлеуметтік мәдениетін қалыптастыруға арналған тарихи сынақ. Біз жаңа дәуірді бірге бастаймыз, және бұл жолда әрбір азаматтың құндылықтары мен мүддесі ескеріледі.

Қолданыстағы Конституция посткеңестік кезеңнің сипатын сақтап, мемлекет мүддесіне басымдық берді. Ал жаңа құжат заманауи талаптарға сай жасақталып, ұлттық мүдде мен адам құқықтарын алдыңғы орынға қояды. Бұрын билік бір орталыққа шоғырланса, енді билік тармақтары арасында тең  баланс орнатылған. Ата заңдағы өзгерістерді талқылау алдағы уақытта жалғасады.


Бөлісу