Басты Жаңалықтар Пәкістанда Қазақстан университеті ашылады

Пәкістанда Қазақстан университеті ашылады

Қазақстан Пәкістанмен бірқатар бағытта әріптестікті күшейтпек. Әсіресе ғылым-білім саласында. Президент сапары аясында Исламабадтың ең ірі үш жоғары оқу орнында қазақтың біртуар тұлғалары Әл-Фараби, Қаныш Сәтбаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы ғылыми-мәдени орталықтар ашылды. Ал келесі жылы ислам республикасында Қазақстан университетінің филиалы ашылмақ. Пәкістан біздің оқу ордаларына неліктен қызығушылық танытып отыр? Тағы қандай келісімдер бар? Әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Исламабад. Жасыл желегі жайқалған Астана секілді әлемдегі жас елордалардың бірі. Пәкістанның саяси һәм ғылым-білім орталығы. Мұнда 20-ға жуық ірі университет бар. Ядролық қаруы бар елдің әсіресе физика мен инженерлік саласы дамыған. Енді қос ел білім саласында тығыз әріптестік орнатпақ.

Енді жергілікті студенттер Сәтбаев салған сара жолды терең зерделейді. Исламабадта атақты академик атындағы орталық ашылды. Пәкістан мен Қазақстанның ұлттық техникалық университеттері берік байланыс орнатпақ.

Рида Фаруқ, студент:

Бұл орталықтың ашылуы студенттер үшін өте маңызды. Мен IT-техника мамандығында оқимын. Мұнда жаңа білім алуға, ғылыми жобалармен танысуға мүмкіндік бар. Қазақстанға барып, тәжірибе алмасамыз деген ойдамын.

Пәкістанда жастар көп. Жасы 25-ке дейінгі халықтың саны 94 миллионнан асады. Жыл сайын орта есеппен 5 миллион сәби дүниеге келеді. Сондықтан сапалы білімге сұраныс жоғары. Жергілікті тарап Қазақстанға университеттер филиалын ашуды ұсынды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Жоғары білімге қолжетімділік Пәкістан үкіметі үшін өте өзекті мәселе. Инфрақұрылымдық тұрғыда мұндай сұранысты толық қамтамасыз ету өте қиын. Сондықтан Қазақстанда құрылып жатқан ірі академиялық хаб үлкен маңызға ие. Қазіргі таңда елімізге 40-қа жуық мықты шетелдік университеттің филиалдары келді. Пәкістан үкіметі Қазақстан университеттерінің толыққанды филиалдарын ашуды ұсынып отыр. Қарағанды техникалық университеті бұл бастамаға дайын. Исламабадта және басқа қалаларда да біртіндеп біздің университеттеріміз шетелге шығып, филиалдар ашуда.

Тағы бір келісім діни бағыттағы ғылыми әріптестік. Исламабадтың халықаралық ислам университеті мұсылман әлеміндегі іргелі академиялық алаң. Оқу ордасында ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи атындағы орталық ашылды. Енді Түркістандағы халықаралық университет мамандары осында келіп тәжірибе алмасады.

Жанар Темірбекова, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:

Осы теология мамандығы бойынша бізде оқып жүрген студенттер, олар да осында келіп академиялық ұтқырлық бағдамалары аясында осындай ауысу программалары мен жазғы мектептерге келеді. Біздер барамыз, себебі көріп отырғаныңыздай, бұл университет өте ірі университет, бұл жерде материалдық-техникалық базасы өте жақсы, біздің университетке ұқсас.

Пәкістанда Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасы да тереңінен зерттелмек. Елдің ең ірі оқу ордасы Қайд-и-Азамда Әл-Фараби орталығы ашылды. Қазақ Ұлттық университеті кітаптар мен көрнекі құралдар ұсынған.

Тарақ Уахид, Szabist Islamabad университетінің профессоры:

Екі ел білім саласында жемісті әріптестік орната алады. Қазақстанның оқу жүйесі сапалы және аймақтық стандарттарға сай. Сонымен қатар бастауыштан жоғары білімге дейінгі құрылымы Пәкістандық жүйемен ұқсас. Бұл екі ел арасындағы студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуын жеңілдетеді. Білім және ғылыми зерттеулер арқылы экономикалық және мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік мол.

Осылайша қос ел арасында бірлескен ғылыми зерттеулер көбеймек. Оқытушылар мен студенттер алмасуға жол ашылды. Университеттер арасында 8 меморандумға қол қойылды. Қазір Қазақстанда 2 мыңға жуық Пәкістан студенті білім алып жатыр. Таяу жылдары олардың саны еселеп артуы мүмкін.


Бөлісу