Басты Жаңалықтар «Qonaev Media» телеарнасы ресми түрде жұмысын бастады

«Qonaev Media» телеарнасы ресми түрде жұмысын бастады

Алматыда заманауи студиясы бар «Qonaev Media» өңірлік телеарнасы ресми түрде жұмысын бастады. Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жобаның маңызын атап өтті. «Qonaev Media» телеарнасының бас директоры Қымбат Хангельдина өңірдің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған сапалы әрі заманауи контент әзірлеу жұмыстары жалғасатынын айтты. Сондай-ақ «Digital Sana» жобасы аясында жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейтінін жеткізді. Шара аясында қонақтарға телебағдарламалардың түсірілімнен бастап эфирге және онлайн-платформаларға шығаруға дейінгі аппараттық-студиялық кешеннің мүмкіндіктері таныстырылды. Айта кетсек, телеарна 2025 жылдың қыркүйегінен бастап эфирге шығып, бүгінде Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларын қамтып отыр. Телеарна эфирлік, кабельдік, Smart TV және онлайн платформалар арқылы хабар таратады. 16 сағат эфирге шығатын отандық медиа озық әрі жаңашыл арналардың қатарына қосылуды мақсат етіп отыр.

Қымбат Досжан, «Qonaev Media» телеарнасының бас продюсері:   

Әрине 30, 40, 68 жылдық тарихы бар телеарналармен таласу мүмкін емес. Бірақ біздің әлеуетіміз метрлік арнаға, республикаға шығатындай әлеуетіміз бар. Оны да алдағы уақытта шешеміз. Өйткені бізге дицеметр емес, метр берді. Біздің алдымызда радио құру жоспарымызда бар.


Бөлісу