Конституцияның жаңа жобасы таныстырылды
Бүгін Конституцияның жаңа жобасы таныстырылды. Ата заңның жаңа жобасы преамбула, 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Оны дайындау кезінде соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялар мен сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілді. Қандай жаңа ережелер мен түзетулер енгізілді? Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Конституциялық сот төрағасының орынбасары таныстырған Ата заңның жаңа жобасында 95 бап болады. Нормалар Конституцияның барлық бөлімін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізу ұсынылып отыр.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі:
Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты. Олар жайлы үлкен талқылаулар өтті және көпшілік тарапынан қолдау тапты. Жобада Қазақстан Республикасы қызметінің жаңа негіз құраушы қағидаттары бекітілді. Мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Сонымен қатар «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылған. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика деп тұжырымдалды. Осылайша бұрын ғалымдар мен мамандардың басқару нысанын нақтылау қажеттігі туралы ұсынысы жүзеге асты. Конституциялық сот төрағасы орынбасарының айтуынша, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын қатардағы заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылған.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі:
Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Бұл мызғымас талап Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Спикер Комиссияның кешегі отырысында егемендіктің иесі – халық екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс жасалғанын еске салды. Бұл идея Конституция мәтінінде көрініс тапты. 4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы деп шегеленіп жазылды.
Конституция мәтінінде «республикалық референдум» ұғымын «жалпыхалықтық референдум» деп өзгерту ұсынылды. Ал бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар «Құрылтай» бөлімінде жинақталды. Онда заң шығару органының өкілеттіктері бекітілді, сонымен қатар Құрылтайдың сессияларына және оның қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы дерлік жаңартылды.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі:
Құрылтай заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесі берілді. Заң жобаларын қарау мен қабылдаудың рәсімдері көзделді. Құрылтай Төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді.
Конституция жобасының бесінші бөлімінде Үкімет пен оның мүшелерінің Құрылтай алдындағы жауаптылығы мен есеп беруі, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық бюджет және оның атқарылуы туралы есеп беру мәселелері қарастырылған. Алтыншы бөлім екі баптан тұрады және Халық Кеңесі органына қатысты мәселелерді реттейді. Айта кету керек, Конституциялық Соттың құрамына, судьялардың өкілеттік мерзімдеріне және құзыретіне қатысты нормалар сақталады. Бұл жеке, жетінші бөлімде көрсетілген. Конституция жобасында сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне, зияткерлік меншік ұғымына қатысты ережелер де толығымен қолдау тапқан.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі:
Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің және байланыс құралдарындағы өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалатыны ерекше көрсетіліп отыр. Бұл цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін хабарламаларға да қатысты.
Спикер Конституция жобасындағы ережелер «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының логикасына сай келетінін, елдің одан әрі дамуы үшін мызғымас институционалдық негіз қалыптастыратынын атап өтті. Ал Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин жарты жыл бойғы еңбектің қорытындысын қабылдайтын сәт жақындағанын айтты.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:
Бұл осы күнге дейін жүргізілген түрлі талқылаулардың нәтижесі. Жұртшылық e-өтініш және eGov платформаларында ашылған арнайы бөлімге Парламенттік реформа туралы ғана емес, жалпы Конституцияның құрылымы мен мазмұнына қатысты өз ұсыныстарын жолдаған болатын. Соның нәтижесінде 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Конституциялық комиссия мүшелері сол ұсыныстар мен бастамаларды саралап, салмақтап, Конституцияның жаңа мәтініне лайықтап ұсынуда. Мемлекет басшысы өзінің сөйлеген сөздерінде Конституцияның жаңа редакциясына қатысты ой-пайымын, пікірін ашық айтып жатыр. Яғни жұртшылық пен сарапшылар қоғамдастығының Президенттің ұсыныстары мен бастамалары қазір біз әзірлеп жатқан Конституцияның жаңа мәтініне негіз болды.
Ерлан Қарин Конституциядағы «қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтары» БҰҰ пактісімен сәйкестендірілгенін атап өтті. Сондықтан жаңа мәтінде комиссия мүшелерінің жаңа ұсыныстары толық қамтылды деп айтуға болатынын да жеткізді. Ал Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова жаңа Конституция жобасы халық назарына ұсынылатынын айтты.
Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық Сот төрағасы, Конституциялық комиссия төрағасы:
Конституциялық реформалаудың ауқымы мен тереңдігін ескерсек, оның мәні жағынан құқықтық түзетулер пакеті емес, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ретінде қарастыру қажет. Осыған байланысты азаматтардың жаңа Конституция мәтінімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, Конституциялық Сот аппаратына Конституция жобасының мәтінін «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарында жариялауды, сондай-ақ оны Конституциялық Соттың ресми сайтында орналастыруды тапсырамын.
Енді комиссия мүшелерін алда маңызды кезең күтіп тұр. Ол – жаңа Конституцияны азаматтардың тікелей қатысумен кеңінен талқылайды. Ата Заңға түзету енгізу тек референдум арқылы жүзеге асады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы