Басты Жаңалықтар Конституция преамбуласында адам құқықтары басты құндылық ретінде бекітіледі

Конституция преамбуласында адам құқықтары басты құндылық ретінде бекітіледі

Преамбулада алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде жазылады. Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин осылай деді. Айтуынша, Конституцияның басты жаңашылдығы енгізілген түзетулердің көптігінде емес, оның жаңа тұжырымдамалық мазмұнында. Конституция – тек заң нормаларының жиынтығы емес. Ол мемлекеттің және қоғамның дамуын айқындайтын негізгі құндылықтарды, қағидаттар мен бағдарларды бекітетін басты құжат. Сондықтан жаңа Конституцияның идеялық өлшемі мен мазмұнына ерекше назар аудару қажет. Конституцияның баптары мен бөлімдері жай ғана өңделген жоқ, олар жаңа мазмұнмен, жаңа мағынамен қайта жазылды. Сонымен қатар Конституцияның кіріспесінде мемлекеттігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары көрсетіледі. Ерлан Қарин Конституциядағы түбегейлі өзгерістердің айқын көрінісі ретінде преамбуланы мысалға келтірді.

Ерлан Қарин, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші:

Соның айқын мысалы ретінде преамбуланы айтуға болады. Бұл бұрынғы мәтіннің жаңартылған нұсқасы емес. Комиссия талқылауындағы нұсқа – Президенттің жуырда жариялаған тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленген. Мағынасы мен ішкі рухы жағынан мүлдем жаңа преамбула, Жаңа преамбулада біріншіден, адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде жарияланды. Екіншіден, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім – мемлекеттігіміздің негізі ретінде айқындалды. Алғаш рет Конституцияның кіріспесінде мемлекеттігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары айқын көрсетілді. Яғни преамбуланың кейбір сөйлемдері, үтірі мен нүктелері өзгертіліп отырған жоқ, бұл – жаңа мазмұнда жазылған жаңа нұсқа. Қысқаша айтқанда, жаңа преамбула өткенімізді, кім болғанымызды, бүгінгі күннің қағидаттарын және ертеңгі күннің бағдарын белгілеп отыр.
Бөлісу