298 медициналық нысан мен 162 мектеп: Былтыр қандай нысандар пайдалануға берілді?
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Былтыр 298 медициналық нысан салынып, қолданысқа берілген. Оның 114-і медициналық пункт, 94-і - фельдшерлік-акушерлік пункт, 76-ы- дәрігерлік амбулатория, 6-ы емхана.Ал Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында стационарлар салынды.
Білім саласына келетін болсақ, былтыр 236 мыңға жуық оқушы білім алатын 162 мектептің құрылысы аяқталды, оның 112-і – «Келешек» мектебі. Ұлттық жоба аясында салынған білім ошақтарының 40%-ы ауылдарда орналасқан. Жаңа білім ошақтары 27 үш ауысымды және 11 апатты мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Жайық Мақсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылым дамыту департаментінің басқарма басшысы:
Үш ауысымды мектептер мәселесі шешілуде. Яғни, 2022 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы басталған сәттен үш ауысымды мектептердің саны 142 болды, қазіргі таңда 50-ге дейін азайды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Яғни Президенттің қойған тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін 1,5 миллион жаңа оқушы орнымен қамтамасыз ету қажет.
Нұрзат Айтуған баскетболды кішкентай кезінен қатты жақсы көрген. Бірақ ауыл мектебінің мүмкіндігі аз. Былтыр күзде отбасымен Астанаға көшіп келді. Қазір қаладағы осы №110 «Келешек мектебінде» білім алып жатыр. Жуырда олимпиадаға да қатысып үлгерді. Спортқа да бейім.
Нұрзат Айтуған, 10-сынып оқушысы:
Мен физика пәнінен бардым осы жылы және баскетбол, волейболдан да барып жатырмын. Мен ауылда баскетболға қатыса алмадым. Ал осы мектепте қатысып жүргеніме қуаныштымын. Маған робототехника деген ұнады, таңғалдым. Ауылда мұндайды көрмегенмін. Ал осы жаққа келіп көрдім.
Айлин Намазбай, 9-сынып оқушысы:
Бұл бізде биотехнология кабинеті, толық жабдықталған, оқушылардың тек оқуына ғана емес, сонымен қатар олардың тәжірибеде көруіне мүмкіндік береді. Үзіліс уақытында теннис, тоғызқұмалақ, шахмат ойындары бар. Коворкинг зонасы бар, біз бос уақытымызда кітап оқимыз.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
№110 жалпы орта мектебі былтыр күзде ашылған. Химия, биология, физика пәндерінің арнайы зертханалық кабинеттері бар. Одан бөлек, заманауи жабдықталған шеберханалар ашылған. Оқушылармен қоса мұғалімдердің әрқайсысына жеке компьютер қарастырылған. Бүгінде білім ордасында екі ауысыммен 3000 бала білім алып жатыр.
Маржан Макашева, Астана қаласы №110 жалпы орта білім беретін мектеп
директоры:
Бұрынғы мектептерден айырмашылығы – 4 спортзал бар және өте үлкен 450 орындық асхана бар және 450 орындық акт зал бар. Акт зал қазіргі кинотеатр сияқты жабдықталған. Одан кейін робототехника, стем кабинеттері соңғы үлгідегі заманауи техникамен жабдықталғандықтан, бұл да балалардың қызығушылықтарын арттырады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайтарылған активтер есебінен Ұлытау облысының Қаражал қаласы мен Маңдырай станциясында екі мектеп, Солтүстік Қазақстан облысында бір балабақша салынды. Ал Реновация бағдарламасы аясында 209 мектеп жаңартылды, заманауи стандарттарға сәйкес 1 мың ауыл мектебі жөндеуден өтті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы