Д. Трамптың Бейбітшілік келісімінің әу бастағы мақсаты – Газа секторының ұзақ мерзімді дамуына арналған жобаларды іске асыру, инвестиция тарту еді. Одан кейін басқа дүниелер қосылды.
«Бірқатар БАҚ өкілдері Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімінде Мемлекет басшысы мен Америка Президенті арасындағы қысқаша әңгіменің мазмұнына қатысты сауал жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды. Бұдан бөлек, Президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тіледі.
Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты», – деген хабар таратты Ақорданың коммуникация құралдары.
Ал бұл ұйымға кіру үшін 1 млрд доллар жарна төлейді дегенге келсек, мемлекеттер Кеңес құрамына енгеннен бастап үш жыл мүше бола алады. «Жарғыда айтылған 1 миллиард доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшеліктің шарты болып саналмайды. Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне кіруге қандай да бір қаржы төлеген жоқ», – деп түсіндірді Ақорда.
Президент Давоста сонымен бірге бірнеше әріптесімен, арасында Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен аз-кем әңгімелесті деп те хабар таратты Ақорда.
Д. Трамптың Бейбітшілік келісімі, Гренландияны «мұз бөлшегі ғой» деп сипаттап, «АҚШ-қа беріңдер де беріңдер» деп бастырмалатып қоймағаны, кейін риторикасын жұмсартқандай болғаны, жалпы саясаты... Рас, дүниежүзілік саясаттағы өзгерістер тереңдеп жатыр. Ережелер қандай болмақ? Күздегі конгресс сайлауы бірнәрсені өзгерте ала ма? Қайдам...
Канада премьер-министрі Марк Карнидің Давос форумында сөйлеген сөзінен цитаталар:
«Әлем сыну үстінде. Басқаға өту процесі емес».
«Ұлы державалар экономикалық интеграцияны қару, тарифтерді ықпал ету тетігі, қаржы инфрақұрылымын мәжбүрлеу құралына айналдырып, тауар жеткізу тізбегін тек өз мүддесіне қолдана бастады. Орта державалар бірігіп қимылдауы керек. Өйткені үстел басында отырмасақ, біз «ас мәзірінің» бір бөлігіне айналамыз».