Басты Жаңалықтар Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда қандай ұсыныстар айтылды?

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда қандай ұсыныстар айтылды?

Президенттің сипаттауынша, «Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болады». Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі деді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қызылордада өткен Қорытынды Ұлттық құрылтайда ұсынылған реформалардың өзегі – Қазақстанның заң шығару жүйесін түбегейлі қайта қарау. Әңгіме жай ғана құрылымды өзгерту емес, саяси жүйенің тиімділігін арттыру туралы болып отыр.
Ең басты әрі қоғамда көптен талқыланып жүрген ұсыныс – екі палаталы Парламенттен бір палаталы жүйеге көшу. Бұл бастама аяқ астынан туған жоқ. Арнайы құрылған жұмыс тобы жарты жылға жуық уақыт бойы талқылап, сараптап, халықтан ұсыныс-пікір жинаған. Себебі қоғамда Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттіктері бірін-бірі қайталап, заң қабылдау процесін баяулатады деген сын бұрыннан айтылып келеді. Жаңа Парламентті «Құрылтай» деп атау ұсынылып отыр. Сонымен қатар депутаттар саны да қысқарады, яғни Парламент ықшам, бірақ пәрменді орган болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан, мәселе – санда емес, сапада!

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Президент бұл жерде басты акцентті нақты қойды: заң шығаруда тиімділік депутат санына емес, кәсібилігіне және дербестігіне байланысты. Бір палаталы Парламент заң қабылдау процесін жылдамдатып қана қоймай, жауапкершілікті де арттырады. Алайда мұнда өте маңызды бір нюанс бар. Бір палаталы жүйе автоматты түрде Парламентті күшейтеді деу – қате. Негізгі мәселе– жаңа парламенттің өкілеттігі қаншалықты кең болады, депутаттар қаншалықты шешім қабылдай алады, атқарушы билікпен қаншалықты конструктивті дискуссия құра алады – бәрі осыған тіреледі. Сондықтан бұл реформа сыртқы форма ғана емес, ішкі мазмұнмен толтырылса ғана нәтиже болады.
Сонымен қатар Құрылтайда мемлекеттік басқаруға қатысты тағы бір ірі ұсыныс айтылды. Ол – вице-президент институтын енгізу. Бұл әлемдік тәжірибеде бар модель. Егер бізде де жүзеге асса, вице-Президентті Мемлекет басшысы тағайындайды және оның өкілеттігі Конституциямен нақты бекітіледі.

Әлихан Бәйменов, Астана Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы:

Мемлекеттік хатшы кейін Мемлекеттік кеңесші еді ғой. Бірақ ол лауазымдардың өкілеттілігі не заңмен, не Конституциямен анықталмағандықтан, сол қызметке келген адамның ерекшелігіне, біліктілігіне қарап, бейімделіп өзгере беретін. Қазір вице-президент лауазымы еніп, оны Президент тағайындап және өкілеттілігі Конституцияда, заңдарда анықталуы ол сөзсіз біздің ең жоғарғы лауазымдардың бір бірімен қарым-қатынасына да айқындылық берейін деп отыр.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бұл – реформаның екінші, бірақ кем емес маңызды блогы. Қазіргі жүйеде сіз айтқан стратегиялық органдардың құрамын жасақтау өкілеттігі билік тармақтары арасында теңдей бөлінген. Бұл – тепе-теңдік сақтаудың классикалық үлгісі.
Ал жаңа ұсыныс бойынша, осы органдардың құрамын бекітуде парламенттің рөлі айтарлықтай күшейеді. Барлық кандидатуралар Парламентпен міндетті түрде келісіледі. Сырттай қарағанда, бұл – парламенттік бақылаудың күшеюі. Бірақ оның шынайы әсері депутаттардың саяси дербестігіне байланысты. Ал квоталар мәселесіне келсек, Президент квотасының да, Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасының да алынып тасталуы – принципті өзгеріс. Бұл Парламенттің биліктің өкілі емес, тікелей халықтың өкілі екенін нақтылауға бағытталған қадам.
Айта кетейік, осы жиын барысында Президент Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өздеріне жүктелген тарихи миссияны толық орындады деді. Осыған байланысты, енді олардың орнына қоғам мен билік арасындағы байланыстың жаңа алаңы ретінде Халық кеңесін құру ұсынылды.
Сондай-ақ кәсіби заңгерлердің ұсынысы өте маңызды деталь деуге болады. Соңғы жылдары Конституцияға бірнеше мәрте өзгеріс енгізілді, соның салдарынан кейбір нормалар екі ұшты түсіндірілетін жағдайға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалғанмерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан, Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет.

Президенттің преамбулаға ерекше тоқталуы да кездейсоқ емес. Преамбула – бұл жай кіріспе емес, мемлекеттің қандай құндылықтарға сүйенетінін, қандай бағытты ұстанатынын айқындайтын идеологиялық негіз. Оны нақтылау – биліктің қоғамға ашық түрде «біз қайда бара жатырмыз?» деген сұраққа жауап беруі деуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Ата заңның Преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек. Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек. Негізгі заңға, соның ішінде, Преамбуланың жаңа мәтініне құқықтық мемлекет құруға, сондай-ақ табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты қағидаттарды енгізу керек деп санаймын.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Сонымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды. Жалпыұлттық референдумның қашан өтетіні туралы хабар күтеміз. Парламенттік һәм саяси өзгерістерді енгізетін - халық. Яғни оны билік емес, халықтың өзі шешеді. Соңғы сөз азаматтардың таңдауына байланысты.


Бөлісу

Сондай-ақ оқыңыз

Барлығы