Басты Жаңалықтар Қаратал өзені қоқысқа толып тұр

Қаратал өзені қоқысқа толып тұр

Қаратал өзенінің Талдықорған маңындағы жағалауы күл-қоқыстан арылмай тұр. Әсіресе іргедегі саяжай аумағы тұсындағы жағдай қиын. Жаз бойы шомылуға келген демалушылар, одан қалса әрі-бері өтетін жолаушылар тастап кеткен қалдықтар әр маңда шашылып жатыр.

Дамир Нұрмұхамет, тілші:

Қаратал - асау өзен. Жылына екі рет тасиды. Әсіресе көктемде арыны қатты. Сол кезде жағасына үйілген күл-қоқысты түгел іліп әкетеді. Пластик пен тұрмыстық қалдықтар экожүйеге зиян келтіріп, өзен арнасын тарылтады. Ал бұл - тасқын қауіпін еселуі мүмкін. Сондықтан мамандар жағалауды тазалап, бақылауды күшейтпесе, Қаратал қоршаған орта үшін қауіпті өзенген айналуы мүмкін дейді.

Өзен жағалауында полиэтилен пакеттер мен пластикалық қалдық көп. Жиналған қоқыстың көлемі бір жүк көлігіне жетеді. Мамандар жыл бойы тазалық жұмыстарын жүргізіп, кінәлілерге айыппұл салғанымен, Қаратал маңында тұрмыстық қалдықтар азаймай тұр.

Жазира Қожақан, саяжай тұрғыны:

Таза емес, жолдың бойына да тастайды. Мына саяжай жақ қоқысқа толған. Үйінен шығарған күлді де жолдың бойына тастайды. Негізі таза ұстау керек қой. Бірінші отанын сүюі керек.

Берік Шоранов, саяжай тұрғыны:

Камера қойғаны дұрыс, әйтпесе мына жерде ешкімде қоқыс жәшігі жоқ. Шығаратын жер жоқ.

Өзен маңында арнайы қоқыс жәшігі жоқ. Салдарынан тұрмыстық қалдықтар әр жерде шашылып жатыр. Ал жауаптылар жағалауға арнайы бейнебақылау камералары қойылғанын айтады. Полиция қызметкерлерімен бірігіп,  сол арқылы кінәлілерді анықтаймыз дейді.

Аманжол Нұрғазы, Жетісу облысының Энергетика және ТҮКШ басқармасының  бас маманы:

Кіреберісте қойылған жәшіктер саяжай төрайымдарының өтінішімен алынып тасталды. Жалпы, экологиялық кодекске сәйкес әр тұрғын, үй иесі қоқыс жәшігін сатып алуға міндетті. Сонымен қатар көктемгі сенбілікте саяжай аумағын тазартамыз.

Қаратал - Жетісудағы жеті өзеннің бірі. Суы егістік пен электр энергиясын өндіруге қолданылады. Ал жергілікті билік өкілдері  өзен жағалауын көктемде қоқыстан тазартамыз деп сендірді.


Бөлісу