Балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін
Елімізде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін. Осы мәселеге қатысты заң жобасы талқылауға шығарылмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Желіге тіркелушілердің жасын анықтауға жасанды интеллект қолданылмақ. Ережені елемегендер жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Тақырыпты тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес толықтырады.
Енді кәмелетке толмағандарға TikTok, Instagram сияқты желілер мен YouTube секілді онлайн платформаларға тіркелуге тыйым салынуы мүмкін. Мәдениет және ақпарат министрлігі заңнамаға тиісті өзгерістер мен түзетулер әзірледі. Аталған өзгерістер сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылады.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желіге қол жеткізу мүмкіндігін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Оқу-ағарту министрлігімен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірге пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдерін әзірлеп, тіпті жауапкершілік шараларын қарастыруды жоспарлап отырмыз.
Яғни кәмелетке толмағандар жалған аккаунтпен де әлеуметтік желіге тіркеле алмайды. Өйткені олардың жасын жасанды интеллект тексереді. Егер ереже бұзу анықталса, жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Мұндай шектеу Австралияда бар. Онда 16 жасқа дейінгі балаларға онлайн платформаларға тіркелуге заңмен тыйым салынған. Ал Францияда 15 жасқа дейінгі балалардың аккаунт ашуы үшін ата-ананың келісімі керек.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 16 млн-нан астам адам TikTok,
Instagram және Facebook-ке тіркелген. Олардың қаншасы жасөспірім екені
белгісіз, бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНИСЕФ қоры жүргізген зерттеу нәтижелеріне
сүйенсек, еліміздегі 9 бен 12 жас аралығындағы балалардың 60 пайызында өз
аккаунттары бар.
Элиталық мектептерге бюджеттен қаржы бөлінбейді
Үкімет отырысында талқыланған тағы бір мәселе жеке мектептерге қатысты болды. Премьер-министр жекеменшік білім ошақтарының стандартқа сәйкестігі тексеріледі, – деді. Сондай-ақ енді кез келген жекеменшік мектепке мемлекет автоматты түрде ақша бермейді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Оқу-ағарту министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізуді тапсырамын. Мемлекеттік қаржыландырумен өңірлердің оқушы орындарына деген шұғыл қажеттілігін жабатын жекеменшік мектептер ғана қамтамасыз етілгені жөн. Қымбат элиталық мектептерді қаржыландыруды тоқтату керек.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Мемлекеттік қаржы тек нақты қажет жерге ғана бөлінеді. Егер өңірде мемлекеттік мектеп мүлде жоқ болса, үш ауысымда оқу мәселесі бар болса, сондай-ақ апатты мектептің орнына жаңасы керек болған жағдайда ғана, жеке мектеп ашуға әрі оған бюджеттен ақша бөлу қарастырылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы