Жаңа Салық кодексіне қатысты ұсыныстар қайта қаралады
Премьер-министр Олжас Бектенов орынбасары Серік Жұманғаринге биыл енгізілген Салық кодексін мүдделі топтармен қайта пысықтауды тапсырды. Кеше Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Үкіметке қоғам мен бизнес тарапынан түскен ұсыныстарды жинақтап, жан-жақты талдауды жүктеген еді. Бұл жұмысқа «Атамекен» ұлттық палатасы, экономистер мен сарапшылар, сондай-ақ өңірлер белсенді түрде тартылмақ. Осылайша, көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар енгізіледі. Жаңа Салық кодексіне қол қойылған күннен бастап бүгінге дейін 1400-ге жуық өтініш келіп түскен. Басым бөлігі салық режимін таңдау, ұзақ мерзімді шарттарды орындау және жаңа нормаларды іс жүзінде қолдануға қатысты. Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, кәсіпкерлер мен азаматтардан түсетін өтініштерді талдауға арналған жобалық кеңсе құрылатынын айтты.
Серік
Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
Жобалық кеңсе бизнестің өтініштері шоғырланатын, келісілген шешімдер қабылданатын және мемлекеттік бірыңғай ұстанымы қалыптастырылатын бірыңғай үйлестіру нүктесіне айналады. Барлық сындарлы ұсыныстар мұқият қаралып, қорытындысы бойынша түзетулер енгізудің орындылығы мен қажеттілігі айқындалатын болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы