Жаңа белес: Ішкі жалпы өнім $300 млрд-тан асты
Экономика өсті, жалпы ішкі өнім мен жан басына шаққандағы табыс өңірдегі рекордтық көрсеткішке жетті. Өткен жыл Қазақстан үшін экономикалық өсім мен қоғамдық жаңғыру кезеңі болды. Мемлекет басшысы бүгін Ұлттық құрылтай отырысында ел дамуының негізгі көрсеткіштерін атап берді. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен баяндайды.
Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық.Осылай деген Президент 2025 жылғы жетістіктерімізге тоқталды. Мәселен, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өскен. Сондай-ақ жалпы ішкі өнім көлемі едәуір артқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал, жан басына шаққандағы үлесі Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты.
Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта 50-60 пайызға дейін өсуі мүмкін. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Оған қоса Президент жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты да барлық орынды ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда оған түзетулер енгізу керек, – деді. Бұл кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық, – дейді экономистер. Айта кету керек, шағын және орта бизнес елдің экономикасын көтеріп қана қоймай, 4,5 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл Қазақстандағы еңбекке жарамды азаматтардың тең жартысы. 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енді.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
Ол кәсіпкерлерге үлкен үміт арқалатып отыр. Неге, өйткені бізде бұрынғы кодекстер қабылданғаннан кейін оған өзгеріс жасау ұзақ, қиын-қайым болып кететін, яғни оны өзгерту үшін де Президентке ұсыныс жасап, үлкен бір құжат қабылдайтын. Қазіргі кезде уақыттың талабына сәйкес келмейтін болса немесе кәсіпкерлерден сын көп алатын болса, оны өзгертудің өзі жеңілдеді.
Ауыз толтырып айтарлық тағы бір маңызды жаңалық – халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Сондай-ақ азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды дейді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы