Басты Жаңалықтар Робот-хирург тізе буынын ауыстыру операциясын жасады

Робот-хирург тізе буынын ауыстыру операциясын жасады

Астанада алғаш рет робот-хирург тізе буынын ауыстыру операциясын жасады. Мастер-класты Үндістаннан арнайы келген халықаралық сарапшы, доктор Суджой Кумар Бхаттачарджи өткізді. Бірегей отаны еліміздің жүзден астам дәрігер бақылап, жаңа технологияның мүмкіндіктерімен танысты. Жасанды интеллектіге негізделген жүйенің қандай артықшылықтары бар? Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында жаңа технология іске қосылды. «MISSO» робот-хирургты Үндістан елшілігі сыйға тартты. Жүйе тізе буынын толық немесе жартылай ауыстыруға мүмкіндік береді. Робот операция алдында науқастың анатомиясын зерттеп, барлық қадамды алдын ала жоспарлайды.

Суджой Кумар Бхаттачарджи, роботтық хирургия бойынша халықаралық сарапшы:

Бұл технологияны Үндістанмен қатар бірнеше ел қолданып жатыр. Қазір қорытынды сертификаттауды күтіп отырмыз. АҚШ-тың тиісті реттеуші органы мақұлдауы керек. Құжатты алғаннан соң көп ел осы жүйеге көшуі ықтимал. Себебі робот жоғары дәлдікпен жұмыс істейді, науқас та тезірек аяққа тұрады. Менің ойымша, болашақта мұндай отаны әрбір хируг меңгеруге тиіс.
Технологияның көмегімен өткен екі жылда әлемде 4 мың, Үндістанда 7 мыңнан астам ота жасалған. Сонымен бірге, 100-ден астам елде таныстырылып, шеберлік сабақтары өткен.

Мастер-класс барысында төртінші дәрежелі тізе буыны артрозы диагнозы қойылған төрт науқасқа операция жасалады. Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен өтеледі. Буынның орнын Үндістанда жасалған имплант қойылады. Робот адам қолымен дәл орындау қиын болатын әрекеттерді атқарып, хирургтың жұмысын жеңілдетеді.

Олжас Бекарысов, академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры:

Біз науқасты операция алдында көруіміз керек: қанша, қай жердегі сүйекті алып тастап, қандай имплант қою керек. Соның бәріне компьютерлік томография жасап, жүйеге енгізіп, жасанды интеллект арқылы алгоритмнің бәрін шығарады. Дәлдеп қойған имплант ұзақ жұмыс істейді, адам ұзақ жүре алады.

Орталықта жылына 12 мыңнан астам науқас ем қабылдап, 10 мыңға жуық ота жасады. Соның  2 мыңдайы буын ауыстыру операциясы. Жалпы, елімізде мұндай көмекке мұқтаж 130 мыңдай адам кезекте тұр.


Бөлісу