Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды
Қазақстанда Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды. Алматыда бой көтерген нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған. Салтанатты шараға Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. 350 төсек-орынға арналған орталық жыл сайын еліміздің әр өңірінен туберкулезбен ауыратын 2,5 мың науқасқа емдеу және диагностикалық көмек көрсетеді. Мекемеде клиникалық көмек, ғылыми зерттеу, білім беру және цифрлық технологиялар бір жүйеге біріктірілген. Орталық балалар мен жүкті әйелдерге де медициналық қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мұнда инфекциялық және паразиттік ауруларға, оның ішінде дәріге төзімді туберкулез түрлеріне қатысты кешенді зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Жаңа орталық инфекциялық қауіп-қатерге ұлттық деңгейде жауап беретін, отандық медициналық ғылым мен кадр даярлауды дамытуға бағытталған база болмақ. Төтенше жағдай кезінде төсек-орын саны 500-ге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Соңғы екі жылда елімізде 695 медициналық мекеме мен 614 мың орынға шақталған 419 мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 237 спорт нысаны салынды. Өткен жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы аяқталса, биыл өңірлерде 251 нысан жаңғыртылып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы