Басты Жаңалықтар Ең көп ажырасу Алматы қаласында тіркелген

Ең көп ажырасу Алматы қаласында тіркелген

Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орынға шықты. Жаһандық деректер мен статистиканы ұсынатын сайт осындай мәлімет таратты. Бірінші орында Мальдив аралдары тұрса, Ресей, Бельгия сынды елдер де алдыңғы орындарда. Мамандар бұл тенденцияның белең алуына тек экономикалық емес психологиялық фактор да себеп екенін айтады. Сандық мәлімет қаншалықты шындыққа жанасады? Асылбек Данияр зерттеп көрді.

Асылбек Данияр, тілші:

Ұлттық статистика бюросы Data Pandas-тың бұл ақпаратын жоққа шығарғанымен, ажырасудың азайғаны байқалмайды. 2024 жылдың 9 айында 29 мыңнан астам шаңырақ шайқалса, былтыр 33 мың жұп екі жаққа кеткен. Яғни әрбір үшінші неке сәтсіз аяқталған.

Ең көп ажырасу Алматы қаласында тіркелген. Астана мен Қарағанды облысында да жағдай мәз емес. Статистика сүйсенсек, қалалық жерлерде бұл көрсеткіш ауылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Әлеуметтанушының айтуынша, қазір отбасын сақтап қалу үлкен проблемаға айналған. Келіспеушілікке көбіне жұмыссыздық пен тұрақты жалақының болмауы түрткі дейді. Оған қоса психологиялық фактор да әсер етіп отыр.

Ақерке Өтебаева, әлеуметтанушы:

Бұрын міндеті болатын болса – отбасы, неке, бала деп сол некені сақтап қалуға тырысатын болса. Қазір өздерінің психолгиялық шекарасын сақтап қалғысы келеді. Сондықтан да оларға қазір экономикалық тәуелділік емес психологиялық қолдаулар көбірек қажет. Отбасылық терапиялардың көбірек ашылуы, медиаторлардың жұмыс істеуі, ажырасу алдында тұрған отбасылармен жұмыс жүргізілсе мүмкін, олармен басқа да әсерлері болуы мүмкін.

Ажырасуға тағы бір себеп – әлеуметтік желідегі «мінсіз өмір» иллюзиясы, псевдопсихологтар мен жалған коучтардың кеңесі, - дейді психолог.

Ержан Мырзабай, психолог:

Қарапайым төрт дөңгелекті көлік жүргізу үшін мемлекет тарапынан кем дегенде 2-3 ай оқу курсынан өту талабы бар. Неге біз отбасы үшін де сондай курстар талап етпейміз?! Сондай сертификаттар талап етпейміз? Сол бағытта адамдарды оқытпаймыз? Білген кезде үйренген кезде көптеген проблеманы болдырмауға болады. Проблемалардың шешімін білген кезде көптеген проблеманы ажырасуға жеткізбеуге де болады. Қалай күресеміз? Өте жақсы шешім: біріншіден, қазіргі бар отбасылар балаларына отбасы құндылықтарын сіңіру керек. Отбасылық зорлық-зомбылық болмау керек.

Ажырасқанның бәрі дәм-тұзы жараспай екіге кетті деу – қате. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы қоғамда «жалған ажырасу» көбейгенін айтады. Олардың бір ғана мақсаты – әлеуметтік жағдайын жақсарту.

Жарқынбек Амантайұлы, Мәжіліс депутаты:

Бұл үйдің кезегіне тұруға байланысты, атаулы әлеуметтік көмекке ие болуға байланысты осындай қажеттіліктерін өтуге байланысты азаматтар осындай қадамға баруда. Мұны белгілі бір деңгейдегі алаяқтықтың көрінісі деп айтуға болады. Иә, заңға өзгерістер енгізу керек. Мен Үкіметке сауал жолдағанда жалған ажырасуға қатысты. Осы үрдісті тоқтатуға байланысты үкімет сараптама жасап, ұсысын енгізсін деп. Бірақ өкінішке қарай үкімет тұщымды өзгеріс енгізе қойған жоқ. Ал бұған бір тетік енгізіп назарға алмасақ, бұл кең етек жайып кететін үрдіске айналып кетеді.

Мамандар ажырасуды қалыпты құбылыс деп қарауға болмайды деп дабыл қағып отыр. Бұл екі адамның емес болашақ ұрпақтың тағдыры екенін айтады. Мәселені шешу үшін заңнаманы жетілдіріп, отбасыларды сүйемелдеу үшін психологиялық қолдауды арттыру маңызды, дейді. Сонымен бірге, жанұядағы тәрбиені күшейту де негізі тетіктің бірі. 


Бөлісу