Басты Жаңалықтар Жасанды интеллект мал бағады

Жасанды интеллект мал бағады

Жасанды интеллект мал бағады. СҚО Ғабит Мүсірепов ауданындағы Буденное ауылында ашылған тауарлы сүт фермасы заманауи технологияларды қолданады. Ірі-қараға құнарлы жем-шөп әзірлеу, денсаулығын бақылау, сиырларды сауу, өнім сапасын қадағалау сынды жұмыс - жасанды интеллекттің көмегімен жүзеге асырылады. Фермаға Германиядан 165 бас голштин тұқымды сиыр жеткізілді. Виртуалды маманның көмегімен мал күтімі жеңілдеді, дейді ферма басшылығы.
Бірнеше көлік ауыстырып, 4 мың шақырымды артқа тастап жеткен сиырлар қазақ жерін бөтенсімеді. Голштин тұқымы – әлемдегі ең сүтті ірі-қара саналады. Тәулігіне орта есеппен 40 литр береді. Сәйкесінше жақсы күтім қажет.
Мақзұм Дүйселеков, ферма директорының орынбасары:

Сәуір, мамыр айында тағы 330 бас Даниядан келеді. Жем-жөп бәрі дайын, молшылық қазіргі кезде. 25 адам жұмыс істеп жатыр. Болашақта әлі 75 адамға жұмыс орны ашылады.
Жаңа ферма 1200 бас малға арналған. Жоба құны 10 млрд теңге. Германиядан келген сиырлардың алғашқы легі наурыз айында төлдемек. Жұмыс барынша автоматтандырылған. Жем-шөп әзірлеу, сиырларды сауу, өнім сапасын бақылау үшін жасанды интеллект қолданылады.
Юлия Вейбер, асыл тұқымды мал өсірушілер қауымдастығының өкілі, Германия:
Қазақстандық компаниялармен көп уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. 2006-шы жылдары етті ірі-қара жеткізген едік. Қазір сүт фермаларын дамыту қолға алынып отыр. Қазақстан біз үшін жақсы серіктес. Себебі болашақта даму әлеуеті зор.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында басқа өңірлерде де мал шаруашылығын дамыту көзделген. Солтүстік Қазақстан тәжірибесін тарату үшін арнайы бағдарлама қабылданған.
Талғат Наурызбаев, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі таңда СҚО-да сүт өндірумен 118-ден астам агроқұрылымдар айналысады. Солтүстік Қазақстан тәжірибесін тарату бағдарламасы бойынша бізге 2023-2024-ші жылдары 23 млрд теңге ақша бөлінген. Соған біз 23 жобаны, сүт өндіру фермаларын кіргізгенбіз.
Соңғы 5 жылда облыста 46 тауарлы сүт фермасы ашылды. Оның 8-і былтыр іске қосылды. Шет елден 14 мың бастан аса ірі-қара әкелінді.

Бөлісу