Елімізде сәбіз экспортына шектеу қойылуы мүмкін
Елімізде сәбіз экспортына шектеу қойылуы мүмкін. Ал Ертіс-Баян өңірінің көкөніс өсірушілері өнімді сыртқа шығаруға тыйым салынса, қоймада шіриді дейді. Себебі, былтыр уақытша шектеу қойылғанның өзінде фермерлер шығынға батып, егіс алқаптарының көлемін азайтуға мәжбүр болған.
Павлодар облысы бір маусымда 5 мың тонна сәбіз тұтынады. Бұл бір ғана шаруаның қоймасында жатқан өнім. Зейнолла Сәлменбаев 7,5 мың тонна сәбізді сата алмай отыр.
Зейнолла Сәлменбаев, шаруашылық басшысы:
Сәбіздің жағдайы өте қиын. Оның үстіне тыйым саламыз деп жатыр, жаңағы шектеу жасайды. Шектеу жасаса, мүлдем далаға лақтырып тастаймыз.
Себебі былтырғы күзде қар ерте түсіп, өнімнің біраз бөлігі суықта қалды. Сондықтан ұзақ сақтауға жарамайды. Мәселен, биыл павлодарлық шаруалар сәбіздің 9 мың тоннасын ғана экспортқа жіберіп үлгерді. Қазір қоймаларда 70 мың тоннаға жуық өнім бар.
Әділ Исин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
30 мың тоннадан астам сәбіз салқындатқышы жоқ қоймаларда жатыр. Алушы болса, бұл бүгінгі күнге дейін сатылып кетуге тиіс еді.Осы қалпында жата берсе, ақпанның аяғы мен наурыздың басында түгелдей ағып кетеді. Біз экспортқа шектеу қойылмасын деген, облыс әкімі қол қойған екі бірдей өтініш хатты Сауда министрлігі мен Премьер министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің атына жібердік.
Қазір өңірде сәбіздің көтерме бағасы 50 пайызға арзандады.
Нұржан
Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бағасы арзан. Бір келі сәбіз 70-80 теңге ғана. Соны қазіргі күні Сауда министрлігі өздері мониторинг жасап, баға өсті деген. Бізді, яғни өндірушілерді тоқтату үшін осындар әрекет жасап отыр, Егер біз экспортты тоқтатсақ, шаруаларға қысым болады да баға одан да төмендейді деп ойлайды. Біздің ойымызша, бұл дұрыс емес.
Мәселе алдағы аптада Астанада ведомствоаралық комиссия отырысында қаралмақ. Көкөніс өсіретін шаруалардың талап тілегін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеткізбек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы