Басты Жаңалықтар Nestlé компаниясы өнімдерін кері қайтарып жатыр

Nestlé компаниясы өнімдерін кері қайтарып жатыр

Елімізде Nestlé компаниясының балалар тағамдары дүкен сөрелерінен алынып жатыр. Әлемнің 180 мемлекетіне өнімін саудалайтын компания қазір әлем бойынша 40-қа жуық елде бірқатар партияны кері қайтарып жатыр. Бұған себеп – бір мезетте өндірілген өнімдерде адам ағзасына қауіпті цереулид токсині болуы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, бұл токсинді бөлетін Bacillus cereus бактериясы қайнату немесе қайта қыздыру кезінде жойылмайды.

Аталған партиядағы өнімді пайдаланған кейбір аналар балаларында денсаулығына қатысты мәселелер туындағанын айтады. Солардың бірі – астаналық тұрғын Береке Мансұр.

Береке Мансұр, қала тұрғыны:

Уланып қалды деуге болады. NAN-2 ғой, алты айдан бері беріп жүргенбіз. Басында бәрі жақсы болған. Соңғы сериясын бергеннен кейін балам құсып, іші өтіп кетті. Жағдайы бірден нашарлады.

Жайсыз ақпаратты Nestlé компаниясы өзі ресми түрде жариялады. Компания бұл қадамды алдын алу шарасы деп түсіндіріп, ата-аналарға ресми сайт арқылы өнім нөмірін тексеруге кеңес беріп отыр.

Надежда Лабодовская, «Нестле фуд Қазақстан» ЖШС менеджері:

Nestlé Қазақстанда балалар тағамының шектеулі партияларын ерікті түрде кері қайтарып жатыр. Алдын алу шарасының компанияның басқа өнімдеріне қатысы жоқ. Nestlé бұл туралы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарды дер кезінде хабардар етіп, олармен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Компания тұтынушыларға өнім құнын толық өтеуге кепілдік береді. Тұтынушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі – Nestlé үшін басты басымдық.

Компанияның өз өтініші бойынша еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де бұл мәселеге араласты. Қазір жауапты органдар аталған өнімнің елімізге қанша көлемде жеткізілгенін және оның қаншасы сатылғанын анықтап жатыр.

Гүлбану Есдәулетова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:

Барлық партиясы емес, нақты 15 сәуірден 27 қарашаға дейінгі шығарылған өнімдері. Қазақстанға тек 6 түрі ғана кіреді екен. Егер ол ашылған болсын, пайдаланылған болсын, қайтадан сатып алған сауда орнына әкелуге болады. Сол жерде сатушы міндетті түрде, чегі болмаса да ақшасын қайтарады.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар әр мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қайта қарауды талап етеді. Әсіресе, шетелден келетін тағамдар қатаң бақылауда болуы тиіс.

Ерік Балапанов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасы:

Қазақстандық, отандық өнім, экологиялық таза өнім. Сүт, кондитер, ет өнімдерінің бәрі таза деп айтуға болады. Лабораториядан бірнеше рет тексеріледі. Ал шетелдік компаниялардың бәрі емес, бірақ біразын бақылау керек деп ойлаймын. Тұтынушы отандық өнімді алса, еш ұтылмайды деп толық айтуға болады.

Бұл мәселеге Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы да назар аударып отыр.

Рауан Ерұлан, БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) менеджері:

Қауіпті жағдайларда тез әрекет ету өте маңызды. Егер өнім ел ішінде өндірілсе, шикізатты да, өндіріс орнын да бақылауға мүмкіндік бар. Қажет болған жағдайда өндірісті бірден тоқтатуға болады. Ал импорттық өнімдерге қатысты мұндай жедел ықпал ету қиындау.

Қазір Береке Мансұрдың баласының жағдайы тұрақты. Анасының айтуынша, бүлдіршіннің беті бері қарады. Дәрігерлер аталған партиядағы өнімді тұтынып, бала өзін жайсыз сезінсе, міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Қазіргі уақытта жауапты мекемелерге мұндай шағым түспеген.


Бөлісу