Басты Жаңалықтар Ақмола облысында бір жылда 1100 онлайн-алаяқтық дерегі тіркелді

Ақмола облысында бір жылда 1100 онлайн-алаяқтық дерегі тіркелді

Жеке деректерін қорғауды білмейтін тұрғындар интернет-алаяқтарға күн сайын алданады. Тек Ақмола облысында өткен бір жылда 1100-ден аса онлайн-алаяқтық дерегі тіркелді. Киберқылмыстық істердің тек 234-і ғана ашылды. Алаяқтардың құрығына тек егде адамдар емес, жастар да ілігеді. Мәселен, 23 жастағы Тимофей жаңа жыл қарсаңында интернет-алаяқтарға алданып, екі банктен 4 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Оның үстіне депозиттегі 600 мың теңгесінен де айырылып қалған.
Тимофей, жәбірленуші:

Желтоқсанның 24-і күні жұмыста жүргенімде Қазақтелекомнан қоңырау түсті. Сізге хатты жеткізу үшін телефоныңызға келген смс-кодты айтып жіберсеңіз деді. Ойымда ештеңе жоқ, әдеттегі қоңырау деп, кодты айттым. Содан басталды. ЦОН-нанбыз деп, ЕГОВ параметрлерін өзгерткізді. Одан соң атыңызға несие рәсімдемес үшін олардан бұрын әрекет етіңіз деп, екі банктен несие алғызды. Оны айтқан, шоттарына аудардым.
Жалпы, алаяқтық әрекетін шетелде отырып жасайтындарға тұсау салу қиын. Сондықтан интернет-алаяқтық бойынша қылмыстық істі ашу да оңай емес. Өңір бойынша мұндай қылмыстың 18 пайызы ғана ашылған. Былтыр 124 адам алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жәбірленушілердің 109 миллион теңгесі қайтарылды.
Райымбек Дүйсенбаев, облыстық Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
Ақша аударған адамдар анықталды. ҚР азаматы, екеуі шетел азаматтар, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер сіз интернет-алаяқтарға алданып қалсаңыз, ең алдымен 102 телефон нөміріне және полиция бөліміне хабарласуыңыз қажет. Олар сіздің арызыңызды қабылдап, тергеуді бастайды.

Бөлісу