Қазақстан Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағына төрағалық етеді
Биыл Қазақстан Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағына төрағалық етеді. Бұл туралы бірлестіктің Астанада өткен үшінші жалпы отырысында мәлім болды. Одақтың президенті болып «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Төралқа төрағасы Райымбек Баталов тағайындалды. Бұған дейін бұл ұйымға Әзербайжан төрағалық еткен. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, былтыр 10 айда Қазақстанның түркі елдерімен арадағы тауар айналымы 10 миллиард доллардан асып, шамамен 11 пайызға артқан. Экспорт көлемі де өсім көрсетіп, қазанға дейін 7 миллиард долларға жеткен. Ал импорт, керісінше, азайған. Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл үрдіс еліміздің өндірістік және экспорттық әлеуетінің нығайғанын көрсетеді. Сонымен қатар, түркі мемлекеттері нарығында отандық өнімдерге деген сұраныстың артқанын аңғартып отыр. Жиында қатысушылар алдағы кезеңге арналған негізгі ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ Түркі инвестициялық қорының құралдарын тиімді пайдалану мәселелері көтерілді.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы:
Біз бір бірімізбен шектесіп жатқан, халқы 180 миллионнан асатын ауқымды кеңістікте өмір сүріп жатырмыз. Әр ел үшін маңызды бірнеше басым бағытты айқындадық. Ең алдымен көлік-логистика саласына басымдық береміз. Қазір бұл бағытқа инвестиция тарту аса маңызды. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су тапшылығы мәселесін шешу де өзекті. Шағын және орта бизнес те назардан тыс қалмайды. Сондықтан бизнес, қаржы секторы, сауда-өнеркәсіп палаталары мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы нақты нәтиже береді деп сенемін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы