Басты Жаңалықтар Каспий порттары арқылы тасымал көлемі 30 пайызға азайды

Каспий порттары арқылы тасымал көлемі 30 пайызға азайды

Каспий теңізінің деңгейі жыл сайын 25 сантиметрге төмендеп барады. Соның салдарынан порттар арқылы тасымалданатын жүк айналымы 30 пайызға азайды. Каспийдегі экологиялық өзгерістердің экономикалық қауіпсіздікке әсері қандай? Халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін қалыпқа келтіру мүмкін бе? Жанел Нұрболатқызы зерттеп көрді. 

Каспий теңізі 20 жылда 2 метрге төмендеді. Соның салдарынан тұзы көбейіп, өсімдік, балығы азайды. Әсіресе, Қиғаш өзенінің теңізге құяр сағасы әбден таязданып кеткен. Осылай жалғаса берсе, қарт теңіз Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін, дейді экологтар.

Орынбасар Тоғжанов, эколог:

Соңғы жылдары климаттың қатты өзгеруіне байланысты Каспий бассейнінде булану деңгейі көбейіп кетті. Өзендердің суын пайдалану көбейіп кетті. Әрбір 100 жыл сайын орта есеппен 30 мың шаршы километрден төмен қарай келе жатыр. Сонда соңғы 200 жылдың ішінде 100 мың шаршы километрге төмендеген.

Теңіздің тартылуы экономикалық тұрғыдан да өзекті мәселе. Өйткені, логистиканы тежеп отыр. Су деңгейі қалыпты кезде Ақтау - Баку - Тбилиси - Джейхан бағыты арқылы жыл сайын кемі 3 миллион тонна мұнай тасымалданатын. Құрық портынан Еуропаға бір жылда 20-30 мың тонна бидай жеткізілетін. Ал Орта дәліз арқылы Қытайдан Еуропаға техника, киім және өзге де мыңдаған тауар түрі жөнелтіліп келді.

Киікбай Ешманов, облыстық мәслихат депутаты:

Каспийдің экономикалық айналымы триллион доллардан асады. Бұл 5 мемлекеттің арасындағы сауда-саттық. Теңіздің Қазақстандағы бөлігінде Қашаған ғана емес, Әзербайжан бөлігіндегі табысы 3 млрдтың үстінде.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Алайда теңіз құрғай бастағаннан кейін ірі кемелер мен танкерлердің түбі жерге тиіп, жағаға жетпей қалатын болды. Сондықтан жүк айналымы қазірдің өзінде жылдағыдан 30 пайызға азайған. Мәселен, бұрын Құрықтан Алят портына 52 вагон тиелсе, қазір орта есеппен 40 вагон қамтылады. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдары қауымдастығының дерегінше, бұрын вагондар бір құраммен жөнелтілетін. Енді біздің тарап оларды екіге бөліп жіберуге мәжбүр. Бұл тасымал бағасын 25 пайызға көтеріп жіберді.

Сарапшылар Каспийдің тартылуы, әсіресе мұнай тасымалын қиындатып жіберді дейді.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:

Мұнайдың бағасы сәбидің денсаулығы сияқты кез келген уақытта суық тиіп қалатын, баға бірден құлап қалуы мүмкін. Сондықтан қазір дүниежүзіндегі ірі банктер мұнай саласына ірі инвестиция бермей жатыр. Себебі баға құлап кетіп, қайтару қиын болады деп жатыр.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Алайда министрлік тасымал бағасының шарықтап кетуіне жол бермейміз дейді. Ол үшін теңіздің түбін тереңдетпек. Қазір Ақтау портында ондаған шақырым болатын өзек қазылып жатыр. Бұл жұмыстар келер жылы аяқталады.

Қасым Тілепов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:

Қазір Каспий арқылы бұрынғыдан аз жүк тиеп отырмыз. Бірақ теңіз түбін тереңдеткеннен кейін бұл мәселе шешіледі. Келер жылдан бастап жүкті қалыпты режимде тасымалдай бастаймыз. 

Каспийдің тартылуы аймақтық қана емес, жаһандық мәселе. Қазір халықаралық транзиттің маршруты мынадай: Қытай, Қазақстан, Әзербайжан одан әрі Еуропаға шығады. Сондықтан кешенді жоспар жасақталады. Онда теңіз түбін тереңдетуден бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізу жайы талқыланбақ. Сондай-ақ жаһандық жылынудың Каспийге әсері зерделенеді. Бұл ретте Қазақстанның бастамасымен арнайы халықарлық бағдарлама да дайындалып жатыр.


Бөлісу