Ақтөбеде өзге этнос өкілі шетелдіктерге қазақ тілін үйретіп жүр
Ақтөбелік гагауз ұлтының өкілі Аида Кадын өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді тегін үйретіп жүр. Ол осы уақытқа дейін 50-ден аса адамның қазақ тілінде еркін сөйлеп кетуіне ықпал еткен. Талантты бойжеткен бұл әрекетін қазақ еліне, қазақ тіліне деген құрметім, перзенттік міндетім деп түсіндіреді. Аида Қандыағаш қаласында туып-өскен. Оқушы кезінен қазақ тілінен өтетін білім сайыстарына қатысып, республикалық олимпиадада топ жарған. Қазір де кітапханаға жиі барып, тіл ғылымына қатысты әдебиеттерді оқиды. Ол елді сүю тілге деген құрметтен басталады дейді.
Аида Кадын, студент:
Қазақ халқына көп-көп рахмет! Себебі олар әрқашан өзге ұлт өкілдеріне көмегін тигізеді. Негізі бірлік үлкен сөздерден басталмайды, бірлік бірге жасалған күнделікті кішкентай іс-әрекеттерден басталады. Сол себепті тек аспанымыз ашық болсын, жұртымыз аман болсын!
Аида ерікті түрде 60-қа жуық өзге ұлт өкіліне қазақ тілін үйретіп жүр. Білім ордасы басшылығының айтуынша, қазір мұнда 170 шетелдік студент білім алуда. Олардың қазақ еліне, қазақ тіліне деген құрметі ерекше.
Дастан Құсайынов, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры:
Әсіресе Ақтөбеге келген студенттер қазақ тілін тез үйренуге тырысады. Себебі біздің университетте қазақ және орыс тілдеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар студенттеріміз өздері ұйымдастырған курстар арқылы өзгелерге қазақ тілін үйретіп, олардың елге тез бейімделуіне ықпал етеді.
Ал Аиданың ендігі мақсаты – қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер мен өзге ұлт өкілдері үшін тілдік клубтар құру, онлайн платформалар арқылы еркін сөйлесу мүмкіндігін дамыту. Оның пайымынша, тілді білу – міндет, елді сүю – құрмет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы