Теміржол бойындағы еңбек адамы
Теміржол - ел экономикасының күре тамыры. Қозғалыс тоқтамайтын тіршілік ордасы. Мұнда әр минут, әр белгі, әр шешім маңызды. Ал мыңдаған жолаушы мінген пойыздың уақытында келіп, қауіпсіз аттануы бекет қызметшілерінің жауапкершілігінде. Әріптесіміз Дамир Нұрмұхамет еңбеккерлердің бір күндік жұмысына үңіліп қайтты.
Дамир Нұрмұхамет, тілші:
Бұл жер - жай ғана теміржол бекеті емес. Мыңдаған тағдырлар түйісетін, қауышу мен қоштасу мекені. Ал осы ырғақты өмірдің бір сәтке де тоқтамауына жауапты жан - бекет қызметшісі. Ол жолаушы үшін - жол нұсқаушы, пойыз үшін – тәртіп сақшысы, ал теміржол үшін – үнсіз еңбек иесі.
Таңғы алғашқы пойыздан бастап түнгі соңғы рейске дейін бекет қызметшісінің жұмысы толастамайды. Оны қарсы алады және қолындағы сары жалауымен жүру бағытын нұсқап шығарып салады. Сонымен қатар бекет аумағындағы жолаушылардың қауіпсіздігін де қадағалайды.
Қаламқас Бейсенқұлова, «Үштөбе» станциясының қызметкері:
Біздің жұмыста ең бастысы қауіпсіздік. Пойыз уақытында келіп, уақытында аттануы керек. Жолаушы өзін сенімді сезінуі үшін бәрі қатаң бақылауда болады. Біздің бір ғана қателік қаншама тағдырды өзгертуі мүмкін.
Қаламқас Бейсенқұлованың бекет қызметшісі болып еңбек еткеніне 10 жылдан асты. Әубаста еден жуушы болған. Кейін білімін жетілдіріп, осы қызметке кіріскен. Ол отбасындағы жалғыз теміржолшы емес. Әкесі мен анасы да бұл салада ұзақ уақыт қызмет атқарыпты. Қазір күйеуі мен інісі де станцияда жұмыс істейді.
Қаламқас Бейсенқұлова, «Үштөбе» станциясының қызметкері:
Осы сала өзіме ұнады. Жоғары оқуды аяқтадым. Содан бері осы салада қызмет етемін. Өзіміз отбасымызбен теміржолшымыз. Жолдасым да теміржолда жұмыс жасайды.
Мұрат Ибрагимов, Қаламқас Бейсенқұлованың інісі:
Теміржолда оңай жұмыс жоқ. Қыздардың төртеуі де, ағаларым да теміржолда машинист. Тек жақсы жағын айтамыз. Өзіміз теміржолда істеп жемісін көріп отырмыз.
Біз пойызға мініп алға қарай сапар шегеміз. Ал бекет қызметшісі теміржол бойында қалып қозғалыс қауіпісіздігін қадағалайды. Олардың кәсібилігі мен жауапкершілігі теміржолдағы тыныштық пен тәртіптің кепілі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы