Басты Жаңалықтар Қазақстан цифрлық жобаларды жасайтын және сататын елдер қатарына кіруі тиіс

Қазақстан цифрлық жобаларды жасайтын және сататын елдер қатарына кіруі тиіс

Президент Қазақстанды цифрлық державаға айналдыру міндетін қойды. Озық технологиялар саласында біз цифрлық шешімдер мен қызметтерді сәтті жасап, сата білетін жетекші елдердің қатарына кіруіміз керек. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр осылай деді. Олжас Бектенов Президенттің цифрлық мемлекетті қалыптастыру және озық технологияларды дамыту бойынша стратегиялық міндет қойғанына назар аударды. Сондай-ақ былтыр істелген жұмыстарға тоқталды. Атап айтсақ, заңнамалық база жасалды, есептеу қуатын сатып алу қамтамасыз етілді, Alem.ai ұлттық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Қазақстандық IT-қызметтер экспортының көлемі өткен жылы шамамен $1 млрд долларға жетті. Бұл жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек екенін де еске салды. Оған қоса Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және ЖИ» жылы деп жариялады. Біздің басты мақсатымыз, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін экономиканың барлық салаларында серпінде тенологияларды енгізу. Жаңа цифрлық өнімдердің оң нәтижесін әр азамат сезінуге тиіс. Озық технологиялар саласында біз цифрлық шешімдер мен қызметтерді сәтті жасап, сата білетін жетекші елдердің қатарына кіруге ұмтылуымыз керек.
Сондай-ақ Премьер-Министр жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялау саласындағы алаяқтықпен күрес шараларын бір апта ішінде пысықтауды тапсырды. Үкімет басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы сұхбатының ауқымды бөлігі әлеуметтік мәселелерге арналғанын атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалады. Жиында жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларды болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қарастыру қажеттігі де айтылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бұл салада алаяқтық кеңінен таралып кеткені бәрімізге мәлім. Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бір апта ішінде аталған мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларды болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қарастыруы қажет.


Бөлісу