Басты Жаңалықтар Үкімет цифрландыру және ЖИ саласын дамытуды қарап жатыр

Үкімет цифрландыру және ЖИ саласын дамытуды қарап жатыр

Әлемде технологиялық бәсеке күшейіп келеді. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмауы тиіс. Президент кешегі сұхбатында Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек деді. Бұл мақсатқа қалай қол жеткіземіз? Бүгін Үкімет цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселесін талқыламақ. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мемлекет басшысы кешегі сұхбатында жасанды интеллект жаңа дәуірдің негізгі қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл бағытта артта қалған елдер үлкен мүмкіндіктерден қағылады. Қазіргі жоспар бойынша Қазақстан алдағы үш жылда толықтай цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Осы ретте елде ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Салалық министрлік бар, суперкомпьютерлер әкелінді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн көрсетіледі. Халықаралық рейтингтерде Қазақстан цифрландыру бойынша әлемде 24-орында тұр. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 26 триллион доллар көлемінде пайда әкеліп, 78 миллион жаңа жұмыс орнын ашады. Ал Қазақстан үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу ішкі жалпы өнімге 20 миллиард долларға дейін қосымша табыс әкелуі мүмкін. Айта кетейік, 2026 жыл Қазақстанда – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Бүгінгі Үкімет отырысында саланы дамытуға қатысты нақты жоспарлар мен ұсыныстар айтылуы тиіс. Отырыс аяқталған соң Цифрлық даму, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім вице-министрлерінің қатысуымен баспасөз жиыны өтеді. Бұл бағыттағы жаңалықтарды алдағы шығарылымдарда тарқатып айтамыз.


Бөлісу