Басты Жаңалықтар Е.Қарин Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған іс-шараға қатысты

Е.Қарин Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған іс-шараға қатысты

Жылдың үздік еңбек әулеті, жұмысшы жастардың үздік тәлімгері және өндірістегі үздік жас қызметкерлері анықталды. Бүгін елордада Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланып, мемлекеттің дамуына үлес қосқан бір топ азамат марапатталды. Еңбегі еленген мамандардың қуанышына тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес ортақтасып қайтты.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты іс-шараға өтті. Сондай-ақ форумға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «AMАNAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Қәрібек қатысты. Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек культін орнықтыру, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру саясатын жүйелі түрде жүргізіп отырғанын атап өтті.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Мемлекет басшысы биыл кәсіби мерекелер аясында энергетиктерді, құтқарушыларды, мұғалімдерді, мұнайшыларды, дәрігерлерді, су шаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы мамандарын Ақордада арнайы қабылдап, құттықтады. Жалпы, осы жылы Президент Жарлығымен 1300-ге жуық жұмысшы мамандық өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Осының барлығы еселі еңбекті қадірлеуге бағытталған маңызды қадамдар. Бұл – еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында деген сөз.

Мемлекеттік кеңесші Президент бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғанын, мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 құрметті атақ қосылғанын, 74 кәсіби мереке мен Еңбек күнін кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналғанын жеткізді. Жұмысшы мамандықтар мен еңбек әулеттерінің өкілдері жыл сайын мемлекеттік наградалармен марапатталатынын еске салды. Ерлан Қарин еңбекті қадірлеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жұмысшы жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтты.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Жұмысшы мамандықтары жылы біздің қоғам еңбекті ерекше қадірлейтінін көрсетті. Халық арасында елге нақты пайда әкелетін адамдар құрметті, сыйлы екенін байқатты. Кәсіби мамандарды дәріптеу алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса бермек.

Іс-шара барысында жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар республикалық «Еңбек жолы» байқауының «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістегі үздік жас қызметкер» аталымдарында топ жарғандарға құрмет көрсетілді. Оған қоса «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауының жеңімпаздары, жұмысшы жастардың әлеуетін қолдап, дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Жұмысшы жастар аманаты» жобасының қатысушылары құрметке бөленді.

Еңбегі еленгендердің қатарында Волокитиндер отбасы бар. Олар «Еңбек жолы» байқауында «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша жүлдегер атанды.

Сергей Волокитин, Еңбек ардагері:

Менің әкем, анам, төрт бауырым, олардың балалары, мен, менің әйелім, балаларым, қызым мен күйеубалам – бәріміз шахтермыз. Биыл екі немерем де осы салаға жұмысқа орналасты. Барлығымыздың еңбек өтіліміз жалпы алғанда 400 жылдан асады. Еңбегімізді елеп, сый-құрметке бөлеп жатқан Президентке, осы шараны ұйымдастырушыларға мың алғыс.

Ал жасы небары 19-дағы Дильфуза Бақытжанова «Өндірістің үздік жас жұмыскері» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Өрімдей қыз үш жылдан бері құрылыста кран машинасын басқарады.

Дильфуза Бақытжанова, кран машинисі:

Негізі 17 жасымнан бастап үйрене бастадым. Өзім қызығып, менің әпкем бар, ол да кран машинисі, сол үйреткен. Көбі таңғалып сұрайды: не үшін, қыз бала, жасың кіші ғой деп. Өзіме жұмысым ұнайды. Ұнағаннан кейін, адам өзіне сенімді болған соң, әр жұмысты істей береді.

Президенттің көрегенді саясатының арқасында жұмысшы мамандардың мәртебесі артып, сұраныс көбейді. Биыл еліміздегі оқу орындарына жұмыс берушілердің тапсырысымен 13 мың түлек оқуға түсіп, 8 мыңы жоғары білім алып шықты және тұрақты жұмысқа орналасты.

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі:

Жұмысшы мамандықтар жылы – бір жолғы бастама емес, ұзақ мерзімді стратегиялық маңызы зор бастама. Бүгінде ел экономикасында жұмыспен қамтылғандардың 3,3 млн адамы жұмысшы мамандықтар бойынша еңбек етуде. Олар 2 мыңға жуық түрлі кәсіпті қамтып отыр.

Іс-шараға қатысушылар мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар қоғамдағы еңбек адамының рөлін арттыруға ықпал етіп, жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттауға соны серпін бергенін айтты. Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты рәсім еліміздің дамуына күнделікті адал еңбегімен үлкен үлес қосып жүрген жандардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне көрсетілген лайықты құрметтің тағы бір дәлелі болды.

Бөлісу