Елдегі демографиялық ахуал қандай?
Ұлттық статистика бюросының 1 қазандағы есебі бойынша мемлекетіміздің азаматтарының саны: 20 445 231.
Алайда биыл алғашқы тоқсанда бала туу төмен болған: сол Ұлттық бюроның мәліметіне сай, 77 мыңнан аса бала дүние келген, бұл былтырғы сол кезбен салыстырғанда 16 процентке аз. Еңбек министрлігінің есебі бойынша 2050 жылға қарай елімізде 27,5 млн адам тұрады. Оның 70 пайызы қалада өмір сүреді. Қалалық тұрғындардың жартысы Астана, Алматы және Шымкентте тіршілік етпек.
Сырттағы сарапшылардың өзі таңғалып әңгіме қылатын біздегі демографиялық жағдай тек шаттандыратын сезім тудыра ма? «Жоқ» деп бәрін жоққа шығара бермейік, бірақ мұның жауапкершілігі де өте үлкен екенін ұғу керек.
Біріншіден, көрсеткіш тек оңтүстік және батыс өңірлерде жақсы. Демек, аймақтық демографиялық теңсіздік бар. Солтүстік өңірлер халықтың өз-өзін алмастыру деңгейіне де жетпей отыр. Үлкен қалаларда да урбанизация есебінен болмаса, бала туу сондай бір жоғары емес.
Екіншіден, адамның өмір сүру сапасы қалай болады? Иә-иә, әлеуметтік-экономикалық қалып өте маңызды рөл атқарады. Денсаулығы мықты, білімді, жұмыс жеткілікті жайқалған мемлекет қиялда ғана дегенмен, алғышарттар мен іс-қимылдан соған ұмтылу көрініп тұруы керек.
Мектеп пен емхана жетпейтін, жолдары шұрық-тесік, жемқорлық азаймайтын жерде адам саны көп болғанымен, бақытты өмір бар ма?
38 жастағы ақтөбелік Гүлдана Ерназарова алтын асықтай 4 ұлдың анасы. Үлкені – 14-те, кішісі 4-ке енді толған. Ағайындылар біріне-бірі сүйеу болып, үлкені кішісіне демеу болып өсіп келеді. Жұбайы екеуін де көп балалы отбасы болуға ұлттық дүниетаным жетелеген.
Гүлдана Ерназарова, Ақтөбе қаласының тұрғыны,көп балалы ана:
Қазақы отбасыда тәрбиеленгендіктен, жолдасым екеуміз үбірлі-шүбірлі көп балалы ата-ана болсақ деп армандадық. Қазақ айтады ғой: «Бір ұлы бардың – шығар-шықпас жаны бар, екі ұлы бардың – өкпе-бауыр, жалы бар, үш ұлы бардың – бұқарада малы бар» деп. Аллаға шүкір, біздің төрт ұлымыз бар. Төрт құбыламыз тең деп ойлаймын.
36 жастағы астаналық Нұргүл Жолдасова да көп балалы ана. Оның отбасында 5 перзент өсіп келеді.Тұңғышы – Нұрым. 15-те. 4 жасар Раяна – үйдің кенжесі. О бастан балаларымыз бірнеше ағайынды болғанын қаладық дейді.
Нұргүл Жолдасова, Астана қаласының тұрғыны, көп балалы ана:
Алғашында ұл болды. Оған бауыр керек дегендей. Одан кейін қыз. Серік керек болды. Жолдасым көп балалы отбасыдан шыққан. Өте балажан. Мен үйде өзім жалғыз қыз едім. Көбіне ойлайтынмын, әпкем не сіңілім болса екен деп. Сол мақсат та болды-ау.
Қазір елде осындай көп балалы отбасындағы адам саны орта есеппен 850 мыңға жуықтайды. Қазақстанның демографиясын көтеріп тұрған да солар дейді демограф.
Аяулым Сағынбаева, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының директоры:
Қазақтың, көшпенді ел болғандықтан ойлау жүйесі кеңірек. Мысалы, «Бір бала дүниеге келсе, бір жусан шөп артық шығады», «Әр бала – несібесімен» деген сияқты ұғымдардың арқасында және көп балалы ана болуға бел буған аналардың арқасында біздің туу деңгейіміз осындай жоғары деңгейде болып отыр.
Сәуле Дүсіпова, демограф, PhD:
Қазақстан феноменді ел, демография үшін. Көбінде заңдылықтар бар, әйелдің білімі жоғары болса, оның отбасындағы балалар аздау болады. Ал Қазақстанға қатысты бұндайға негіз жоқ. Жоғары білімі болса да, көп балалы аналар бар және көп.Қазақстанда отбасы институты өте жақсы дамыған.
Аяулым Сағынбаева, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының директоры:
Біздің экономикалық дамуымыздың деңгейін алып қарасақ, шын мәнінде, бізде туу деңгейі әлдеқайда төмен болуы керек болған. Бірақ бізде құндылықтар жолы бөлек болғандықтан туу деңгейіміз жалпы әлемдік трендтерден өзгеше болып отыр.
Қазақстан демографиясының дүниедегі үрдістерге бағынбайтынына тағы бір мысал:
Аяулым Сағынбаева, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының директоры:
Пандемия жылы бүкіл әлемдегі трендтердің бірі туу деңгейінің төмендеуі, өлім-жітімнің көбеюі, ажырасу деңгейінің жоғары болуы болды. Ал Қазақстанда керісінше болды. Дәл пандемия жылдары бэйби-бум болды, ажырасу деңгейі төмендеп, неке қию процесі көбірек өсім беріп отырды.
Сәуле Дүсіпова, демограф, PhD:
Ковид болған кезеңде, бұл жерде табиғаттың заңдылығы. Адам өлімі көп болса, ол кезде адам тууы да көп болады. Мысалы, ІІ д/ж соғыстан кейін туған бэйбибумерлерді айтуға болады. Екіншіден,пандемия кезіндегі жәрдемақы тағы бір бала тууға себеп болды. Әсіресе бұны туғандар 1980 жылдары туған әйелдер.
Қазақстан ажырасудан әлемде екінші орында екен деп кейде жағамызды ұстап жатамыз.Дегенмен оның да көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, соңғы 5 жылдың ішінде ажырасу саны 15,5% түскен. Әрі бұл жағынан да бізде демографияға оң әсері бар феномен байқалады.
Аяулым Сағынбаева, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының директоры:
Қазақстанның екі үлкен ерекшелігі бар. Бізде қайталама некелесу жағдайы өте жоғары және қайта құрылған некеде бізде кем дегенде 1 ортақ бала болады. Әдетте дамыған елдерде қайта некеге тұрса да көбінде ортақ бала болмайды. Соның себебінен де бізде туу деңгейі қазір жоғары болып тұр.
Осылайша былтыр 20 млн-дық тарихи межені бағындырдық. Ал өткен айда жария болған соңғы есеп бойынша, оның үстінен тағы жарты млн-ға жуық халық қосылған. Әйтсе де қарқын бәсеңдеп барады. Оңтүстік және батыс аймақтарды есепке алмағанда.
Аяулым Сағынбаева, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының директоры:
2020-2021 жылдармен салыстырғанда бізде туу деңгейі төмендеп кетті. Туудың жылдық коэффициенті 2024 жылы 2,8-ге тең болды. Бұл – республикалық көрсеткіш. Ал өңірлер арасында үлкен айырмашылық бар.Орталық, шығыс, солтүстік Қазақстан өңірлерінде туу деңгейі өте төмен.
Солтүстіктегі өңірлерде, демография тілімен айтқанда, туу коэффициенті бір әйелге шаққанда 2,1 баладан аз. Яғни туу деңгейі қалыпты өсімнен төмен. Демек табиғи кему процесі жүріп жатыр деген сөз. Бұғанбірнеше себеп бар:
Аяулым Сағынбаева, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының директоры:
Ол бір күнде пайда болған тренд емес. Бірнеше жылдан бері келе жатқан үдеріс. Халық санының кемуі көші-қон мәселесіне байланысты болып отыр.Көшіп кеткен адам сол өңірдің демографиялық потенциалы деп қарауымыз керек. Өйткені ол тек қана активті экономикалық жаста емес, активті репродуктивті жаста болады.
Оның үстіне солтүстік өңірлерде ауылда тұратын халық саны аз – урбанизация деңгейі жоғары. Қаланың қымбат та қауырт тіршілігі демографияға кері әсері ететіні бар. Енді бір себеп – жергілікті халықтың этникалық құрамына, тіпті шектесіп жатқан елдің халқына да байланысты.
Сәуле Дүсіпова, демограф, PhD:
Көршілес елдерславян халқы, еуропа халқы елдерімен шектесіп жатыр. Бұл жерде этномәдени байланыс бар. Бұны да ұмытпауымыз керек.
Ал өңірлер арасындағы осы дисбалансты азайтудың жолы – «Оңтүстіктен солтүстікке» немесе «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламаларды қайта күшейтуде жатыр дейді әлеуметтанушы.
Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:
Ол жаққа халықтың көшіп баруын ынталандыру, қажет болса, мектептер, балабақшалар салынуы, ерекше преференцияның болуы әбден мүмкін және өз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Оған қабат жыл басында ел бойынша туу көрсеткіші күрт түсіп кетті деген дерек тарады. Статистика бюросының сол кездегі есебі бойынша, былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 16% азырақ бала дүниеге келген. Соңғы 11 жылдағы ең төменгі көрсеткіш деп дабыл қаққанбыз. Демографтар ол ненің салдары екенін жақсы түсінеді.
Сәуле Дүсіпова, демограф, PhD:
Қазіргі жағдайда 1990 жылдардың аяғында туған әйелдер туып жатыр. Ал олардың саны ең төмен. Әйелдер аз болса, туудың да саны аз болады. 2000 жылдардың басынан бері қарай туу көрсеткіші жақсарды ғой бізде. Сол жақсарған буын репродуктивтік жасқа келуіне үміт артамыз.
Үміт артамыз. Себебі халық деген – нарық. Әрі еңбек күші. Демек демография – экономиканы алға жылжытушы бірден-бір фактор.
Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:
Демографиялық әлеует – кез келген мемлекеттің ең бірінші ресурсы. Экономикалық өзгерістер, сұраныс, инвестиция тартуға, аса ірі трансұлттық кәсіпорындардың елге кіріп, үлес қосуы – халықтың санымен байланысты.
Сондықтан халықтың көбейгені – сүйініш. Бірақ жауапкершілік те.
Сәуле Дүсіпова, демограф, PhD:
Біз пронаталды елміз ғой. Тууды қолдайтын. Оны қолдағанмен, өсім бізге дивиденд болып келе ме, әлде жүктеме алып келе ме? Осыны түсінуіміз керек.
Аяулым Сағынбаева, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының директоры:
Кез келген демографиялық өсімді біз жай ғана позитивті деп қарастырмауымыз керек. Қаншалықты біздің инфрақұрылым дайын? Осы өсімге біздің экономика қаншалықты дайын?
Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:
Ойлануымыз керек, қаншалықты бізге айғай-шу, той-думан мен мектеп салудың, балабақша салудың арасында қаражат жұмсаудың қайсысы маңызды?
Данияр Қайыртай, тілші:
Осыны ойлап, түсіну үшін Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы құрылған. Қыркүйектегі Президенттің жолдауынан кейін. Енді адам өміріне қатысты кез келген міндет демографтардың да сараптамасынан өтеді. Орталық мамандары алда салаға қатысты тұңғыш Ұлттық баяндаманы әзірлеуге бейіл.
Аяулым Сағынбаева, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының директоры:
Бір бөлігі – өлім-жітімге қатысты зерттеулер болады. Тағы бір бөлігі – репродуктивті мінез-құлық пен халықтың туу деңгейіне қатысты болады. Көші-қон зерттеулері бір бөлек орын алады. Сонымен қатар адами капитал, урбанизация мәселелерін зерттеу, халықтың қартаю деңгейі мәселесі бойынша зерттеулерді талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Сәуле Дүсіпова, демограф, PhD:
Саяси, экономикалық тұрғыдан қарасақ, міндетті түрде, әрбір бағдарламаны есептеп, демографиялық талдау арқылы жасауымыз керек. Сонда біз осы қазіргі жағдайға келмес едік. Мысалы, тапшылық. Балабақша тапшылығы, мектеп тапшылығы, тағысын тағы.
«Ненің өлшемі болса, соны басқаруға да болады». Менеджмент теориясында осындай қағида бар. Демографиядағы деректерді талдаудағы мақсат та сол болса керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы