Басты Жаңалықтар Желтоқсан оқиғасының шындығын жеткізген шығармалар

Желтоқсан оқиғасының шындығын жеткізген шығармалар

Әбиірбек Тінәлі, сазгер:

Жүніс Әлімбек деген осында досым бар.  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Сол екеуміз ойымызда түк жоқ 16 желтоқсан күні 1986 жылы бірінші хабарды естідік.

Хабарды естіген Жамбылда тұратын композитор Әбиірбек Тінәлінің бойынан автордың өз сөзімен айтсақ бір «уіл» шығып бастайды. Кейін жатақханадан терезе арқылы қашқан студенттерді көргенде әлгі әуен күшейе түседі. Сол уақытта Жамбыл жерінде ақын Әбдірахмен Асылбектің жүргенін естіп қаламгерге барады.

Әбиірбек Тінәлі, сазгер:

«Аға, есіңізде ме, 1969 жыл? Жұт жылы болды. Тура сол ауа райы, тура сол аяз, тура сол тұман, тура сол 17-і күні болып тұр. Соны жазайық аға» дедім. «Сол жылы бірақ, әдеттен жырақ, көрінді шын-ақ айбарлы» деген жолдар сол үшін жазылған. Аға айтты «енді мен бәрін білдім,жағдайды да білдім, әлеміңді де білдім, сен бір-екі сағаттан кейін келе аласың ба?» деді.

Ақын мен сазгер 1986-дағы оқиғаны сипаттап тұрғандарын ашық айта алмайтындарын біліп осындай амалға барады.

Әбиірбек Тінәлі, сазгер:

«Желтоқсан желі» деп жазып қойыпты. «Енді ыңылдап көрші андағыға қарап» деді. Сөзімен. Ой құдайдың құдіреті-ай ана жерде сөйлемді айтасың, сөзін айтасың бір әріп не артық, не кем емес. Ұлттың кеудесінен шыққан уіл бұл. Бұл ән емес жігіттер. Не вальс емес. Не марш емес.

Елдос Есенбол, тілші:

Желтоқсаннан кейін қоғам үнсіз қалды. Дәлірегі- үнін шығартпады. Бірақ адам жаны үнсіз қалған жоқ. Сол үнді алғаш жеткізген «Желтоқсан желі» әні болды. Туынды адамдарды шеменде қалдырмай, запыранды төгуге көмектесті. Ал сол шердің терең қабаты әдеби шығармаларда ашыла бастады.

Әділбек Ыбырайымұлы, жазушы:

Мысалы Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай»  романында осы Кеңес өкіметінің орнауына атсалысқан қаһарман қыздың әбден өмірінің соңында әже болған кезде немере қызы сол желтоқсан оқиғасында өліп соның қазасын көз алдында өткізеді қария.
Асқар Алтай, жазушы:
«Туажат» романымда Байбура деген кейіпкер арқылы желтоқсанның қалай өткені, желтоқсаннан кейінгі қазақ азаматтарының тағдыры қалай болды, әрі қарай қалай жалғасты, қандай трагедияға ұшырады, ең қиын мәселе де осы болды. Туажат болған кейіпкер Байбура. Байбураның белгілі бір прототипі бар. Ол Кенжебек Дүйсепов деген менің сыныптасым болды. Мединститутта сол кезде оқыды. Сол кезде жас отбасы. Келіншегінің аяғы ауыр болды. Ол  да сол 1986 жылғы көтеріліске қатысқан азамат еді.

Жазушы Асқар Алтайдың «Прописка» деп аталатын әңгімесі болса осындай боранды күнде жазылыпты. Желтоқсан оқиғасының салдарын бейнелейтін шығарма бүгінде мектеп оқулығына енген. Қаламгердің өзі де сол 1986 жылғы оқиғаның шет жағасын көрген адам.

Асқар Алтай, жазушы:

Мысалы маған пропискаға отыру мүмкін болмады. Алматының іргесіндегі анамның үйіне пропискаға отырғызбады. Ақатай деген кезінде ауыл кеңесінің бастығы болды. Сол кісі жолатпады.

Болатбек Төлепберген, философия ғылымдарының кандидаты:

Тоқтар Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» деректі романы, жазушы Тұрысбек Сәукетайдың «Ай қараңғысы» романы және Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы біздің айналымда жүрген шығармалар деп айтуымызға болады. Деректі бар, көркем дүниесі бар ішінде романдардың негізгі тақырыбы желтоқсандағы адамдардың психологиялық әсер ету моменттеріне көбірек көңіл бөлгендігін айтуымыз керек.

Дегенмен өзі де желтоқсан оқиғасын арқау етіп «Ұяластар» романын жазған Әділбек Ыбырайымұлы «желтоқсан қатысушыларының бейнесі қазақ әдебиетінде толық ашылмады» деп есептейді.

Әділбек Ыбырайымұлы, жазушы:

Біздің қаламгерлеріміз көбі сол қалада тұрғанымен дәл көз алдынан өткізіп оқиғаны жүрмеді деп ойлаймын. Осы бір әдеби процесстің іркілісі де әсер етті. Өйткені 1990 жылдары 1986-дан кейін қысым байқағаннан кейін ешкім жазбады ал 1990 жылдары тәуелсіздік алғаннан кейін кеңес үкіметі ыдырап кеткеннен кейін руханият саласы құлдырады.

Тәуелсіз мемлекет болғалы бергі 35 жылды тұтас алсақ, сүбелі дүниелер бәрібір аз емес. Осының алдында айтқан тізімге Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» деген пьесасы, Қалдыбай Әбеновтің салыстырмалы түрде алғанда 1986 жылдан кейін көп өтпей шығарған «Аллажар» фильмі кіреді.

Әділбек Ыбырайымұлы, жазушы:

Сол кино ашық көрсетілген. Көбі архивтік материалдарға сүйенген.

Болатбек Төлепберген, философия ғылымдарының кандидаты:

Өнер туындысы ретінде бұл тақырыпты нақтылап көрсететін сондай формаларға көбірек жүгіну керек деп ойлаймын. Оның ішінде деректі туындылар деректі романдар деген сияқты.  

Әділбек Ыбырайымұлы, жазушы:

Әдебиет дегеннің өзі не? Әдебиет дегеннің өзі ұлт. Осы ұлтты әдебиет арқылы жасап біз халыққа бермесек көркемдік шындыққа негізделген тарихын білмей сол баяғы шала сауатты қалпында кетіп қалады.

Асқар Алтай, жазушы:

Жалпы ұлт өзін-өзі тануы үшін өзінің тарихын тануы керек. Осы арқылы біздің мәдениетіміздегі тарихи танымымыз кеңейеді. Тарихи танымымыз жұтаңданбайды. Ұлтта пассионарность деген болады. Ұлттың жоғары өрлеу кезеңінде өзінің тарихына оралып отырады.

Желтоқсан оқиғасы бізде соңына дейін зерттеліп, әбден екшелген деп айта алмаймыз. Сол қарсылықтың мәні мен мағынасы нысанаға дөп тиген садақ оғындай шығарма да әлі жазылмаған сияқты. Бірақ жазылатыны сөзсіз. Жара қотырланып тұра берсе, қоғам үшін де жақсы емес. Жақсысы - дәл бағасын ашық беріп, қуыстанбай еркін өмір сүру.


Бөлісу