Жапонияға виза алу жеңілдеуі мүмкін
Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтарына Жапонияға виза алу жеңілдеуі мүмкін. Күншығыс елінің тұрғындары үшін де Азия аймағына саяхаттау оңтайландырылады. Токиода «С5+1» форматында өткен саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев осындай бастама көтерді. Сондай-ақ Қазақстан мен Жапония энергетика, геологиялық барлау, ауыл шаруашылығы сынды бірқатар салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ. Келелі жиында талқыланған мәселелер мен басым бағыттарды тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен тартқатады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Енді Орталық Азия мемлекеттерінің халқына Жапонияға виза алу жеңілдеуі мүмкін. «Орталық Азия – Жапония» саммитінде Президент осындай бастама көтерді. Ұсыныс қолдау тапса, Орталық Азияның бірыңғай туристік маршруты жасалады. Бұл дегеніміз Күншығыс елінің тұрғындары үшін де Азия аймағына саяхаттау оңтайлана түседі.
Бұл шетелге саяхаттағанды ұнататын қазақстандықтар үшін жақсы жаңалық. Ресми статистикаға сүйенсек, биылғы жартыжылдықтың өзінде 600 мыңға жуық отандасымыз шет мемлекеттерде демалған. Сұранысқа ие елдердің арасында БАӘ, Мысыр, Вьетнам және Түркия бар. Енді бұл тізімге Жапония қосылуы әбден мүмкін. Еске саламыз, бұған дейін Қытаймен арада 30 күндік визасыз режим орнатылды, ал Еуроодақ елдерімен аталған режимді жеңілдету жұмыстары жүріп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақ жұрты жапон халқының тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне әрдайым құрметпен қарайды. Күншығыс елінің келісім, ұстамдылық, даналық секілді құндылықтарға құрылған философиясы қазақ халқының дүниетанымына сай келеді. VII ғасырдың өзінде Сётоку ханзада үйлесімді ең биік құндылық ретінде атап, бірлік пен ынтымаққа үндеді. Сол тұста Жапония «Рэйва» – «Керемет үйлесім» дәуіріне қадам басты. Жапонияның Орталық Азия елдерімен байланысы ежелгі Ұлы Жібек жолынан бастау алады.
Жапония Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысады
Саммитте айтылған тағы бір жаңалық - Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысады. Өйткені Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Еске саламыз, Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді.
Энергетика саласында Жапон технологиясын пайдалану көзделіп отыр
Саммитте Президент Қазақстан дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі, - деді. Бүгінде еліміз көмір өндірісі бойынша әлемдегі он үздік елдің қатарына кіреді. Көмір еліміздің энергетикалық балансының шамамен 70 пайызын құрайды. Ал оны қуатты энергия көзі ретінде пайдалану үшін ең озық технологиялар қажет. Сондай-ақ атом энергитикасы саласында Жапон технологияларын пайдалану көзделіп отыр. Күншығыс елі ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы қолқабыс етуі мүмкін.
Жапон компаниялары Қазақстанда жаңа кен орындарын игереді
Жапониялық компаниялар Қазақстанда жаңа кен орындарын игереді. Ол үшін бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасы іске қосылмақ. Бұл бастама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады. Сондай-ақ Президент ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды. Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Жасанды интеллект саласы да ұмыт қалмады. Бұл бағытта да бірлескен жобалар қолға алынады.
Келесі «Орталық Азия – Жапония» саммиті Қазақстанда өтеді
Еске саламыз, 2027 жылы дзюдодан Әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді. Бұл жапондықтардың ұлттық спорт түрі. «Орталық Азия – Жапония» саммитінің қорытындысы бойынша Токио декларациясы қабылданды. Бұл форматтағы төрағалық енді Қазақстан тарапына өтті. Яғни келесі саммит Қазақстанда өтеді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Айта кету керек, күншығыс елі – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты. Енді бұл сома еселене түсуі мүмкін. Өйткені Президенттің Жапонияға сапары аясында сомасы 4 миллиард долларға жуықтайтын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы