Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Иран бірлескен кеме қатынасын іске қоспақ

Қазақстан мен Иран бірлескен кеме қатынасын іске қоспақ

Иран  Ислам республикасының президенті Масуд Пезешкиан-ның ресми сапарына тоқтала кетсек.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Иран елімен Каспий теңізі арқылы көрші болсақ та, алыс-беріс көп емес. Былтыр сауда-саттығымыз 340 млн доллардан асты. Бұл өте аз. Сондықтан 3 млрд деген жоспар бар. Былтыр Парсы елі Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда туралы келісімге қол қойды. Нәтижесінде биыл тауар айналымы бірден 40 пайызға өскен. Бұл қазірдің өзінде үлкен мүмкіндіктер бар екенін көрсетіп отыр. Әрине, бұған кедергі болып отырған басты нәрсе — батыс елдерінің Иранға санкциясы. Парсы елі шектеулер саны бойынша Ресейден кейін әлемде екінші орында тұр. Дегенмен солтүстіктегі көршімізбен алыс-берісті 30 млрд-қа жеткіздік қой. Қазақстанның бұндай қиындықтарды айналып өтудің тәжірибесі бар...
Сонымен қос ел бір-бірі үшін не үшін маңызды? Иран үшін Қазақстан — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді серіктес. Бұрын олар Ресей мен Украинадан млн-дап астық алып келсе, енді бұл нарық біздің қолымызға өтіп отыр. Мәселен, былтыр 220 млн долларға арпа-бидай саттық. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл санды екі есеге көбейтуге әлеуетіміз жетіп артылады дейді.
Сонымен қатар Иран компаниялары біздің елімізде азық-түлік өңдейтін ірі кәсіпорындар ашуға ниет танытып отыр. Мәселен, Иранның Solico Group компаниясы елімізде жылына 200 мың тонна өнім шығаратын сүт комбинатын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ балаларға арналған тағам өнімдерін даярлау ісін қолға алмақшы. Жалпы, қос ел кәсіпкерлері 1 млрд долларға келісім жасады.
Ал Қазақстан үшін Иран — теңізге шығатын ең қысқа жол, яғни әлемдік сауда жолдарына жол ашатын қақпа бола алады. Мәселен, мұнай тасымалына балама бағыт. Қазір еліміздің мұнай экспортының 80 пайызы Ресей аумағы арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумына тәуелді. Иран КТК-ны толық алмастырмаса да, жылына 10–15 млн тонна мұнайды қабылдай алатын әлеуетке ие. Әрине, тағы да сол санкция кедергі болмаса.
Осы ретте екі елдің тауар айналымын еселеуге жол ашатын маңызды келісім жасалды. Иран елі Парсы шығанағындағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға терминал салуға жер бөліп отыр. Бұл порт арқылы қазақстандық металл, астық, мұнай өнімдері мен химия тауарлары Үндістан, Африка және Таяу Шығыс нарықтарына тікелей шыға алады. Иран осылайша Қазақстан үшін жаңа логистикалық хабқа айналатын секілді.
Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі де тауар айналымын арттырудың өзегіне айналып отыр. Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы арқылы жүк тасымалының артуы сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, 2030 жылға қарай бұл бағытпен жүк тасымалы екі есе артады.
Енді президенттер уағдаласқан бірқатар нақты экономикалық келісімдерге тоқтала кетсек. Тараптар Иран–Қазақстан бірлескен кеме қатынасын жолға қоюға келісті. Ақтау портында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймалар мен тарату орталығын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар тікелей әуе рейстерін дамыту және кәсіпкерлер үшін виза режимін жеңілдету жөнінде уағдаластық жасалды. Тегеран қаласында Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасы да көтерілді. Президент сөзіне құлақ түрсек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын айтарлықтай ұлғайтып, ең алдымен 1 миллиард долларға, содан кейін екінші кезеңде 2 миллиард долларға дейін жеткізуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Инвестиция саласындағы байланысымыз күшейіп келеді. Соңғы 20 жылда Иран Ислам Республикасы Қазақстанға 226 миллион доллардан астам инвестиция салды. Қазір елімізде Иранның іскерлік қауымдастығы ашқан 350-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Парсы елі біз үшін бағалы базарлық ала келген. Бұл материалдар Иран Сыртқы істер министрлігінің архивінен алынған және XVIII–XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты деректерді қамтиды. 27 қолжазбада қазақ даласының сыртқы байланыстары, Түркістанның саяси-экономикалық жағдайы, Ресей патшалығының қазақ аймақтары мен хандықтарына қатысты әрекеттері туралы сараптамалар бар. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Президенттің сөзінше, бұл құжаттарда біз бұрын білмеген деректер бар.
Иә, Парсы мен Тұран арасындағы қарым-қатынастың тарихы тереңде жатыр. Мәселен, Тәуке хан мен шах Сұлтан Хусейн арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Әбілқайыр хан Нәдір шахқа елші жіберіп, байланысты дамытуға ниет білдірген. Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесіндегі Тайқазан Иран шебері Әбделазиз Тебризидің шеберханасында жасалған. Осындай тарихи мысалдар көп.
Жалпы, Иран делегациясының қазақ тарихына қатысты көне қолжазбалардың көшірмесін әкелуі — протоколдық сыйлықтан әлдеқайда кең мағынаға ие қадам деп бағалауға болар. Халықаралық тәжірибеде архивтік материалдар «жұмсақ күштің» ең әсерлі құралдарының бірі. Айтпақшы, ертең Астанада ғалымдар осы қолжазбаларды талқылау үшін бас қоспақ.
12 күндік соғыс Иран үшін ауыр соққы болды. Әскери қолбасшыларынан айырылып, ядролық нысандары зақымданған Тегеран айтарлықтай шығынға ұшырады. Израиль мен АҚШ тарапынан жасалған соққылар елдің экономикасы мен қауіпсіздік жүйесіне елеулі салмақ түсіріп, энергетикалық инфрақұрылым мен әскери-технологиялық нысандардың осал тұстарын ашып көрсетті. ((КСМ))
Соған қарамастан, Иран бұл кезеңді толық дағдарыс емес, бейімделу мен қайта бағдарлау сәті ретінде қабылдап отыр. Жалпы, Парсы елінің геосаяси ахуалы өте қиын. Бір жағында Ауғанстан, екінші жағында Израиль, сондай-ақ кейбір араб мемлекеттерімен тұрақсыз қарым-қатынас. Сонымен қоса Иранның аймақта жүргізіп отырған өзіндік саясаты бар. Өктем, ықпалды саясатын жүргізіп отыр. Экономикалық жағынан Иран санкциялық қысымға бейімделген мемлекет. Мұнай экспортының бір бөлігін балама жолдар арқылы сақтап, ішкі өндірісті күшейтуге күш салып келеді. Сонымен бірге логистика мен саудада жаңа бағыттар іздеуге мәжбүр.
Осы жағдайда Орталық Азия Иран үшін стратегиялық мәнге ие бола бастады. Сыртқы саясатта қатаң идеологиялық риторика сақталғанымен, прагматикалық мәлімдемелер күшейіп келеді. Соңғы айларда Тегеранның Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға бет бұруы соның айқын көрінісі. Иран аймақтағы дипломатиялық белсенділікті мұқият бақылап отыр және оны өз мүддесіне сай пайдалануға тырысады. Сарапшы пікірін тыңдасақ.

Жанат Момынқұлов, шығыстанушы – саясаттанушы:
Иранның да осы қақтығыстардан дәріс алғанын айта кетуіміз керек. Өйткені Қазақстанға келуі, Орталық Азияға мән бере бастауы — оның астарында, менің ойымша, Иранның негізгі фокусты Таяу Шығыстан Еуразияға қарай аударуы жатыр. Әрине, Таяу Шығыстың белді мемлекеті ретінде ол жақты тастап кетпейді. Бірақ Еуразияға қарай Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азиямен, басқа да Азия елдерімен қарым-қатынасын күшейтетін болады. Иран жаңа жолдар іздеп отыр. Жаңа логистикалық, экономикалық тетіктерді іздеп отыр. Енді Орталық Азия осы тұста есік, қақпа болып отыр — Азия мен Солтүстікке.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иран делегациясымен кездесуден кейін қос Президент Ашхабадқа ұшып барды. Мүмкін, бұл алдын ала жоспарланған қадам болған шығар. Себебі қазақ-иран қатынасында Түрікменстан маңызды транзиттік рөл атқарады. Бейресми әңгімелесу барысында Астанадағы келісімдердің кейбір тұстары талқыланған болуы ықтимал. Бірақ бұл туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. ((КСМ))
Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев саммит барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктері туралы айтты. Президенттің сөзінше, Қазақстанның мақсаты — орнықты логистикалық бағыттарды толық іске қосу. Ресей, Қытай, Иран, Түркия, Әзербайжан, Армения, Грузия және басқа да мүдделі мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнату арқылы Еуразия кеңістігінде тиімді әрі заманауи көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға болады.
Сонымен қатар Президент су тапшылығының маңызды проблемаға айналып келе жатқанын атап өтті. Бұл ресурсты сақтау және ұқыпты пайдалану — өмірлік басымдық екенін айтты. Осы мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды.
Әлемдегі қарулы қақтығыстарға қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Қазақстан Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздердің жандануына қолдау көрсететінін айтты. Мемлекет басшысы еліміздің Ибраһим келісіміне неліктен қосылғанын да тарқатып айтты. Еліміздің бұл құжатқа қосылу жөніндегі шешімі Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отыр. Әйтсе де Қазақстан ұзаққа созылған әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды, деді Президент.


Бөлісу