Басты Жаңалықтар Қазақша ChatGPT: Қазақстандық ғалымдар қандай ЖИ жасады?

Қазақша ChatGPT: Қазақстандық ғалымдар қандай ЖИ жасады?

TIME журналы 2025 жылдың «Жыл адамы» деп жасанды интеллект жасаушыларын атады.

«2025 жыл жасанды интеллекттің әлеуеті толықтай ашылып, артқа жол жоқ екені айқын жыл болды. Ойлайтын машиналар дәуірін бастағаны үшін, адамзатты таңғалдырып, алаңдатқаны үшін, қазіргі уақытты өзгертіп, мүмкін болатын шектен шыққаны үшін», – деп түсіндірді.

Мұқабалардың бірінде Meta басшысы Марк Цукерберг бастаған бір топ жаңашыл адам бейнеленген. Бұл фото өткен ғасырдың 30-шы жылдары Нью-Йоркте зәулім үйлер салған құрылысшылардың фотографиясын еске түсіреді. Жұмысшылардың орнында технологиялық компаниялардың миллиардерлері отыр.

Назарбаев Университеттің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты «бәрекелді!» дейтін жаңалықтар жариялады.

Тіршілікте мәселе көп. Бұл тақырыпқа неге дүркін-дүркін тоқталамыз? ЖИ-дің бар «раһатын» көру, қазақ тілін жұмыс тілі қылу – ЖИ әлемінде біздің іске асыруымыз керек шарттар. Бұл – бір.

Екіншіден, ЖИ көшіне ілесу – мемлекеттің дамуы үшін өте үлкен мүмкіндік. Тіпті темір құрсауларды, шиеленген проблемаларды шешуге ықпалдасатын құрал. Мысалы, коррупцияны ұрпақ ауыспай шеше алмаймыз ба деп уайымдаймыз.

Ал бүкіл процедураларды, тендерлерді жаңа технологиялар инструменттерімен өткізуге көшірсе, ашықтық артады. Бұл бақылауға мүмкіндік.

Бақылау күшейсе, қарапайым айтқанда «қарап тұратын көздер» көбейсе, «көз қысты» әрекеттер жасау қиындайды. Саясатта партиялар бәсекесі бір-бірін «ұйықтатпайды». Ондай жоқ.

Ең болмағанда тендерлерді жіті қадағалау мүмкіндігі артар еді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

« ChatGPT» мен «Google Gemini AI» сынды ЖИ-ларды қолданып жүрміз. Бірақ, кейде аталған құралдар ойдағыдай жауап бермейді. Өйткені, олар қазақша ойланбайды, қазақша деректермен үйренбеген. Сондықтан отандық өнімдер болғаны маңызды. Бұл бағытта Назарбаев Университетіндегі ISSAI ақылды жүйелер институты 4 жобаны іске асырып жатыр.

Қазақстандық ЖИ неге маңызды десеңіз, қарапайым суреттен бастайық. Мысалы, «Бейнеле» жобасы суретті бірден ұлттық нақышта салады. Салыстыру үшін гугл жеменайға «Ертеде адамдардың тұрған үйінің суретін сал» десек ол отырықшыларға арналған ағаш үйді салады, ал «Бейнеле» бірден киіз үйді. Сол сияқты...

Аспандияр Нуриманов,  ISSAI деректер ғалымы:

Мысалы, сіз айтсаңыз дәстүрлі тамақты шығарып бер деп, өз еліне сай дәстүрлі тамақты көрсетеді. Мысалы, біздің бейнелеміз сізге не қуырдақ, не еттің суретін дұрыс түрде көрсетіп береді.

«Бейнелеге» орысша, ағылшынша тапсырма берсеңіз де орындайды. Одан бөлек, кез келген суретті ұлттық нақышта безендіруге болады.

Екінші жоба «Мәңгі сөз» деп аталады. Бұл мәтінді аудиоға айналдыратын көпфункциялы жасанды интеллект. 11 тілді түсінеді. Мәтінді басқа тілге мәтін күйінде де, аудио форматта да аударып береді. 

Суреттерді аудару мүмкіндігін де қостық. Тәуелсіздік күні жақындап келе жатқандықтан мен осындай суретті таңдадым. Енді оны қазақ тіліне аударайық. Міне, біз бастапқы суретке ұқсас, шрифті де бірдей қазақша нұсқасын көріп отырмыз.

Соның арқасында тақтадағы лекцияны немесе кітаптың бетін суретке түсіріп, оны ПДФ, ворд форматына ауыстырып алуға немесе аудио қылып тыңдауға болады. Яғни, асықсаңыз кітапханада отырудың қажеті жоқ. Оған қоса, кез келген мәтінді түрлі эмоциялармен оқыта аласыз.

Үшінші жасанды интеллект «TilSync» жүйесі. Бұл аудиодан субтитр жасауға арналған.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Тілсинк деген жобаның пайдасын біз қазірде көріп тұрмыз. Мысалы, қазір сұрақ-жауап сессиясы. Ал, сол сәтте экрандардың бірінде қазақ тілінде, екіншісінде ағылшын тілінде онлайн аударма жүріп жатыр. Яғни, жиындар мен форумдарда енді аудармашы қажет болмауы мүмкін. Ал, ISSAI-дың ең негізгі жобасы «Ойлан». Оны чатджипитидің баламасы деуге келеді.

Әйкерім Бисаринова, ISSAI IT өнімінің менеджері:

Диалектерді пайдаланып үйретілген. Соның арқасында орташа бір Қазақстандық адам сияқты сөйлейтін болады. Оның көзқарасы, мүмкін мәдениет жайлы көзқарастары да орташа Қазақстандық адам сияқты сөйлейтін болады. Кейбір деректерді дәлірек айтады деп айтсақ та болады. Мысалы сіз чатджипитиден кей нәрселерді сұрасаңыз, ол америкалық адам сынды сөйлейді.

 «Ойлан» ай өткен сайын дамып жатыр. Басында өзінің базасында бар ақпараттармен жауап беретін. Қазір «вебіздеу» функциясы қосылған, интернетті шола алады. Оған қоса «РАГ» қызметі енгізілген. Ол дегеніміз...

Әйкерім Бисаринова, ISSAI IT өнімінің менеджері:

Мысалы бір компания сізде деп ойлайық. Сізге мүмкін заңгерлік жағынан ба көмек керек болса, сіз қосымша оған құжаттарды жүктей аласыз. Құжаттардың ішінде сізге нақтырақ мәлімет алу керек болса сол құжаттардың ішінен дәлірек мәлімет беретін болады.

Бұл көп құжаттармен жұмыс істейтін компанияларға тиімді. Жобаны жасаушылар оларды әлі де дамытуды жоспарлап отыр.

Ербол Абсалямов , ISSAI атқарушы директоры:

Келесі жылы біздің жоспарымыз «Ойланды» білім бағытында жақсылап үйрету. Геоақпарат жағынан, спутниктік суреттер, картаграфия, үшінші медицина саласына. Оны жасау үшін бізге қазір біз жұмысты бастадық, жақсы сапада дерекқор жинау керек. Мысалы, білім саласы бойынша бізге оқушылар істеген үй жұмыстары керек. Өйткені, модель оны үй жұмысы екенін түсініп, бағасын шығарады. 

Білім саласына енгізілсе мұғалім жұмысы жеңілдер еді. Олар мысалы 30 оқушының үй жұмысын тексеруге қазір 1-2 сағат жұмсаса, енді «Ойланның» нәтижесін ғана тексереді, оған 10-15 минут кетуі мүмкін. Ғалымдар осы модельдердің ақпаратын құпия сақтау үшін «Мәңгі тас» деп аталатын сервер де құрастырған.

Ербол Абсалямов, ISSAI атқарушы директоры:

Жасанды интеллект дегенде ойымызға суперкомпьютер келеді. Суперкомпьютер олар қымбат немесе Қазақстанға әкелу, орнату біраз уақыт алады және де біздің ғылыми зерттеу жұмыстарын тоқтатпау үшін біз нарықта болған компоненттерді алдық және өзіміз конфигурацияны құрастырдық. Мини суперкомпьютер деп айтсақ болады.

«Мәңгі тастың» маңызы ақпараттар тек сонда сақталады. Сыртқы елге кетпейді. Екіншіден, көп ақпараттармен жұмыс істейтін компаниялар оған тапсырыс берсе, мамандар құрастырып береді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Біз көрсеткен модельдерге қазір 6 мыңдай адам тіркелген. Әлемдік ЖИ-лармен салыстырғанда аз, әрине. Оған қоса, бұл өнімдер мінсіз емес. Жетілдіретін тұсы көп. Бірақ, олқылықтарды түзеу үшін оны көп адамның қолданғаны маңызды. Тіркеліп, не ұнамайтынын жазсаңыз, мамандар түзетуге тырысады. Жалпы, жасанды интеллект жаңа әрі енді тоқтамайтын процесс. Бүкіл әлем жарысып жатыр. Осы көштен қалмауды мұрат ектен жас ғалымдардың мына сөзі ұнады. Біз бірге Қазақстан ЖИ-ді қолданатын емес Қазақстан ЖИ-ді жасайтын болашақты құруға тырысамыз.

 

Бөлісу