«Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды
Осы айдан бастап зейнетақы жинағында қалуы тиіс шекті сома өседі. Мұны бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мамандары хабарлады. Одан бөлек жастарға арналған ипотекалық бағдарламаға өтінім қабылдау басталды. Маусым айында елде тағы қандай өзгерістер болады?
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Бүгін «Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Оған 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. 5 пайызбен 20 миллионға дейін несие беріледі. Алғашқы жарна 10 пайыз. Құжат жинаудың қажеті жоқ. Бәрін «Kezekte KZ» сайты арқылы онлайн тапсыруға болады. Өтінім 15 маусымға дейін қабылданады.
Зейнетақы жинағындағы шекті меже өседі
Маусымдағы тағы бір өзгеріс - зейнетақы жинағында қалуы тиіс шекті сома өседі. Яғни, енді үй сатып алуға, денсаулықты жақсартуға бұрынғыдан аз қаржы аламыз. Есесіне зейнетақы көлемдірек шығады. Шекті соманың көлемі әзірге белгісіз. 5 маусымда жариялануы мүмкін. «Негізгі міндетіміз - азаматтарды қартайған шағында лайықты зейнетақымен қамту», дейді бұл туралы жауаптылар.
Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры:
Жаңа тәсілге сәйкес, азамат жинақтарының бір бөлігін пайдаланғаннан кейін де оның шотында медиандық жалақының кемінде 40 пайыз деңгейінде зейнетақы алуға жететіндей сома сақталуы тиіс.
Жұмысқа қабылдау тәртібі өзгерді
Бұдан бөлек, бүгіннен еңбек заңнамасын жетілдіру жөнінде заң жобасына заң күшіне енді. Құжатта жұмысқа алу тәртібіне қатысты нормалар нақтыланды. Мәселен, бұдан былай тек азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмысқа алуға рұқсат етілмейді.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Міндетті түрде жұмыс беруші мен жұмыскер арасында еңбек шарты жасалуы керек. Сондай-ақ жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Мұндай норма бұрыннан бар. Бірақ енді «аналар» сөзі «ата-аналар» деп ауыстырылды. Яғни 14 жасқа дейінгі ұл-қызын жалғыз тәрбиелеп отырған аналардың ғана емес, әкелердің де құқығы қорғалады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы