Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Ашхабадта өткен бейбітшілік пен сенім форумында Мемлекет басшысы осындай бастама көтерді. Президенттің пікірінше, су тапшылығы үлкен проблемаға айналып келеді. Бұл ресурсты сақтау әрі ұқыпты пайдалану - өмірлік маңызы бар басымдық. Қасым-Жомарт Тоқаев Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысты еліміздің ұстанымын да білдірді. Ибраһим келісіміне неліктен қосылғанымыз туралы да ашып айтты. Президент тағы қандай мәлімдемелер жасады? Тілшіміз тарқатып айтады.
Түрікменстан. Азия кіндігіндегі томаға тұйық жатқан ел. 30 жыл бұрын бейтараптық ұстанымын ұлттық идеяға айналдырды. Осы мерейлі меже мен ресми Ашхабад ұсынған Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына орай ақ мәрмарлы қалада 15-ке жуық елдің басшылары бас қосты.
Бейбітшілік біздің елдің де басты бағыты. Қасым-Жомарт Тоқаев түрікмен елінің бастамасын қуаттайтынын айтты. Қазір жахан тұрақтылыққа зәру. Жекелеген кикілжіңдердің реттелгеніне қарамастан, әлемдегі жалпы ахуал әлі де ушығып тұр. Президенттің пікірінше, халықаралық құжаттар құр сөз күйінде қалып, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігі төмендеген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сол себепті Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды. Бас Ассамблеяның 80-сессиясы аясында мен БҰҰ жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін пікірлестер тобын құру идеясын көтердім.
Президент Украина қақтығысын реттеуге қатысты
пікір білдірді
Ол үшін әуелі ірі державалардың саяси ерік-жігері қажет. Әлем ядролық текетірестен алшақтап, өзара сенімге мән бергенде ғана тұрақтылыққа жол ашылады. Осы ретте Президент Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы орайда еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты.
Президент: Таяу Шығыстағы жағдай бойынша келісімге қол қойылуын құптаймыз
Ал Әзербайжан мен Армения келісімін Қасым-Жомарт Тоқаев «тарихи шешім» деп бағалады. Еліміздің Ибраһим келісіміне неліктен қосылғанын да тарқатып айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Таяу Шығыстағы жағдай бойынша келісімге қол қойылуын құптаймыз. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отыр. Әйтсе де Қазақстан ұзаққа созылған әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды.
Қазақстан халықаралық су ұйымын құруды ұсынды
Әлемді алаңдатқан тағы бір мәселе – су тапшылығы. Президент Каспий теңізінің экологиялық жағдайына тоқталып, Ресей елін Аралды құтқару қорының жұмысына белсенді қатысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Біздің пікірімізше, өзара мәмілеге негізделген бірлескен әрекеттер арқылы Халықаралық Аралды құтқару қорының тиімділігін арттыруға болады. Ресей Қор жұмысына байқаушы ретінде атсалысса, бұл іске септігін тигізер еді. Каспий теңізі қазіргідей тартыла берсе, бұл қауіпті құбылыстың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақстан Каспий экожүйесінің бұзылуы мен теңіздің тартылуының алдын алуға бағытталған арнайы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді.
Қазақстан Президентінің пайымдауынша, жаһандық су дипломатиясын дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың маңызы зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
БҰҰ жүйесінде тек су мәселесімен айналысатын арнаулы құрылым жоқ. Бұл түйткілді тез арада шешкен жөн. Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді.
Президент бұл бастаманың БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына сай келетінін атап өтті. Ол келесі жылы Астанада өтетін экологиялық саммитте жаһандық су ұйымын құру бойынша консультация бастауға дайын екенін жеткізді. Сөз соңында Президент Ашхабад форумының аймақтық серіктестікті нығайтып, әділетті халықаралық тәртіпке серпін беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы