Басты Жаңалықтар СҚО-да мектеп асханалары жаппай тексерілетін болды

СҚО-да мектеп асханалары жаппай тексерілетін болды

Солтүстік Қазақстан облысында мектеп асханалары жаппай тексеріледі. Оған Петропавл қаласындағы Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясында болған жағдай себеп. Ата-аналардың айтуынша балаларға беріліп келген ыстық тамақтың сапасы сын көтермейді, қыркүйек айында тағамның ішінен жәндіктер табылған. Көпшілік шағымынан кейін қоғамдық тамақтану нысанын тексерген санитарлық-эпидемиологиялық қызмет «талап бұзылмаған» деп қорытынды шығарған. Дегенмен облыстық білім басқармасының басшылығы міндетін тиісті деңгейде атқармаған кәсіпкермен келісімшарт үзілетінін жеткізді. Ал мектеп директоры қызметінен кетті. Арнайы комиссия құрылды. Оған сәйкес барлық орта білім беру мекемелері тексеріледі. Қазір өңірде 73 мыңнан астам оқушы бар.   Бастауыш сыныптарда оқитын 28 мыңға жуық бала тегін тамақпен қамтылған.

Айнагүл Сұрағанова, облыстық білім басқармасының басшысы:
Ведомствоаралық комиссияға облысымыздың балалар құқығын қорғау жөнінде өкілі, ата-аналар комитетінің мүшелері, аманат партиясының өкілдері қатысады. Ең негізгі мақсат – балалардың сапалы тамақтануына бақылау жасау.


Бөлісу