Басты Жаңалықтар Риэлторлардың бірыңғай реестрі құрылады

Риэлторлардың бірыңғай реестрі құрылады

Елімізде риэлторлардың бірыңғай реестрі құрылмақ. Олардың жұмысына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты болады. Бұл жаңа жүйе екі тараптан да қомақты қаражат алатын риэлторлар жұмысын қалай реттейді?

Алматы қаласының тұрғыны Ришат Асқарбекұлы биыл жазда үй сатып аламын деп 500 мың теңге айыппұл арқалай жаздаған. Баспананың құнын үй иесімен тікелей келісуді ұйғарған ол реалторламен біраз соттасқанын айтады. 

Ришат Асқарбекұлы, қала тұрғыны:

«Крыша» деген сайт бар. Сол жерде осындай бағада үй тұрған деген соң, көруге ықыласымыз артты. Барсақ, ол жерде риэлторлар екен. Үйдің иесімен келістім. Егер осы бағаға беретін болсаңыз мен аламын дедім де кетіп қалдым. Ойымда ештеңе жоқ. Ол әйел ертесі күні хабарласып, үйді сізге сатамын деді. Содан арада бір апта өткеннен кейін үйді рәсімдеп алдық. Одан екі-үш күн өткеннен кейін риэлтор екі әйел хабарласып «сіздер бізге 500 мың теңге бересіздер» деді.

Ришаттың айтуынша, риэлторлар ешқандай қызмет көрсетпесе де, екі тараптан да ақша талап еткен. Өйткені ортада экслюзивті келісімшарт жасалған. Мұндай құжатқа қол қойған клиент қызмет сапасына көңілі толмаса да, басқа маманға жүгіне алмайды, ал объектіні өзі сатса, ірі айыппұлға тап болады. Заңгерлер мұның заңға қайшы екенін айтады.

Жандос Тұяқов, заңгер:

Сіз сатып жатқан дүние ол жекеменшік. Яғни, жекеменшік Конституициямен қорғалатын нәрсе. Қолданыстағы заң бізге өз еркімізше өзіміздің мүлкімізбен пайдалануға құқық беруі тиіс. Бұл жерде келісімшарт арқылы риэлтор қандай да бір іс әрекет жасауға тыйым салып отыр Бұл дұрыс емес.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қазақстанда ресми тіркелген және сенімді түрде жұмыс істейтін риэлторлар саны - шамамен 2 мың адам. Олар – профильдік порталдарда алты айдан астам уақыт қызмет атқарып, құқықбұзушылықтары тіркелмеген агенттіктер мен мамандар. Ал бейресми жұмыс істейтін агенттердің саны 30 мыңға жетуі мүмкін, - дейді мамандар.

Бүгінде, елімізде кез келген адам кәсіби дайындықтан өтпей, ешқандай жауапкершілік алмай-ақ, риэлтор бола алады. Екіншіден, комиссияның бағасын өздері белгілейді және өзіне тиімді келісімшарт ұсынады. Салдарынан көп клиент сан соғып қалып жатыр. Енді осы саланы жүйелеу үшін елде риелторлардың біріңғай реестрі құралатын болды. Стандартты келісімшарт пен этика кодексі және тәртіптік жүйе бекітіледі. Клиенттерге келтірілген зиянды өтеуге арналған өтемақы қоры құрылып, міндетті жауапкершілік сақтандыруы қарастыралып, цифрлық платформа жасалады.

Лариса Степаненко, Қазақстанның өзін-өзі реттейтін риэлторлар  қауымдастығының президенті:

Бұл жүйе клиенттердің сапалы қызмет пен риэлторлар туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алуы үшін жасалып отыр. Жаңашылдық нарықты реттеуге сеп болады деп үміттенеміз. Біздің қауымдастық ұзақ уақыттан бері барлық алаңда осы мәселені көтеріп келді. Біз кез келген адам өзін риэлтор деп атап, абыройымызға нұқсан келтіргенін қаламаймыз.

Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Енді риелторлар оқытылып, біліктілігін дәлелдеуге міндеттеледі. Клиент пен агент арасындағы дауға қатысты үкім шығаратын арбитраждық сотқа қойылатын талап күшейеді. Сондай-ақ бұдан былай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі риэлторлық қызмет үшін бірегей жауапты орган болады.
Бөлісу