ШҚО әлемнің 27 еліне бал сатады
Шығысқазақстандық кәсіпорын Еуропаның 27 еліне бал жеткізу мүмкіндігін алды. Бұл туралы өңір әкімі айтты. Аймақ басшысы өз есебінде өңірдің туризм саласын 4 бағытқа бөліп дамыту жоспарын баяндады. Сондай-ақ инвесторлардың қаржысына қай салада кәсіпорындар ашылатынын жеткізді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестің бейнематериалы.
Елдегі барлық балдың тең жартысы Шығыс Қазақстан облысында өндіріледі. Былтыр өңір омарташылары тәтті өнімнің 3 мың тоннасын жинаған. Бұл 2023 жылмен салыстырсақ 1,5 есе көп. Енді аймақтың осы саладағы әлеуеті экспортқа бағытталмақ.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біздің жерлестер Еурокомиссия тізіміне енген алғашқы қазақстандық кәсіпорын ретінде Еуропаның 27 еліне шығыстың балын жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Қазірдің өзінде Мажарстанның екі ірі компаниясымен бал өндіру және тасымалдау жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Балық шаруашылығының өсімі жағынан да өңір республикада көш бастап тұр. Биыл 2,5 мың тонна су маржаны өндірледі деген жоспар бар. Аграрлы сала да ақсап тұрған жоқ. Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау көзделіп отыр. Ол үшін арнайы сертификаттау зертханасы құрылды.
ШҚО экономикасы оң динамика көрсетіп отыр
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Облыс әкімінің сөзінше, өнеркәсіп өндірісі, инвестициялар, құрылыс саласында да оң динамика байқалады. Өңірде биыл 23 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 17 мың азамат екі қолға бір күрек тапқан. Жыл соңына дейін жалпы өңірлік өнім көлемі 5,5 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар.
Оған биыл іске қосылатын құны 55 млрд теңгелік 15 инвестициялық жоба мүмкіндік береді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біз облыстың жаңа инвестициялық құрылымын қалыптастырып жатырмыз. Портфельде жалпы құны триллион теңгеден асатын 81 инвестициялық жоба бар. Оның 64-і қазір белсенді жүзеге асырылып келеді. Биыл 55 млрд теңге көлеміндегі 15 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, бұл 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
ШҚО-да туризм 4 бағытта дамиды
Тартылған инвестицияны тау-кен металлургия кешенін дамытуға жұмсау көзделіп отыр. Дәлірек айтсақ, Тарбағатай ауданында тау-кен байыту комбинатын салу, сондай-ақ Ұлан ауданында «Алатау Литий» және Кри́да Корпорейшн компанияларының жобаларын іске асыру жоспарланған. Туризм саласы да назардан тыс қалмаған. Мәселен, облыста тау шаңғысына арналған жаңа заманауи қонақүйлер салынады. Әкімнің айтуынша, Катонқарағайда, Марқакөлде, Риддерде және Өскеменде төрт негізгі кластерді дамытуға жақсы мүмкіндік туып тұр.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Туризм саласын серпілту үшін дамыған инфрақұрылым қажет. Сондықтан өңірде қазір екі жаңа әуежай салынып жатыр. «Майқапшағай» және «Үбі» өткізу пункттері мен 5 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Сондай-ақ 856 шақырым жол жөнделді деген жоспар бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы