Кітап - білім бұлағы
Кітапханашы – жалақысы төмен мамандықтардың бірі. Аталған кәсіп иелерінің орташа еңбекақысы 200 мың теңге. Нұрзат Әлжанова жалақының аздығына қарамастан, ұстаздық жолын кітапханаға алмастырған. Петропавл тұрғыны кітап оқуға деген қызығушылық материалдық құндықтардан басым түскенін айтады. Ол 5 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы балалар кітапханасында еңбек етіп жүр.
Нұрзат Әлжанова, кітапханашы:
20 жылға жуық мұғалім болдым. Шәкірт тәрбиеледім, өмірдің өзі мені осы кітапханаға жұмыс істеуге алып келді. Күнде ең аз дегенде 3 сағат кітап оқимын. Кітапсыз мен өмірімді елестете алмаймын.
Кітапханаға маман тарту өте қиын. Жалақының аздығы деп ойлаймын. Әлеуметтік желіден қарағанда кітапқа деген қызығушылық аз. Мүлде аз деп айта алмаймын, бірақ соңғы статистика бойынша нәтиже сондай.
Поэзияға өте құмар оқырманның бірімін, қызығушылығымды арттырған осы Мұқағали Мақатаевтың шығармалары. Мұхтар Шахановтың, Фариза Оңғарсынованың да кітаптарын өте жақсы оқимын. Бала кезімдегі жақсы сәттерім қайта есіме түседі, туған өлкем, әке-шешем, туған-туысқандарымның барлығын көз алдыма алып келеді.
Балаларды шығармашылық жұмыстарға үйрету үшін біз де осылай қолөнер үйірмесін ашып отырмыз. Телефонға телмірген заман. Сол уақытта кішкене баланың ойын бөлу үшін осы шығармашылық жұмыспен айналысу қажет. Бұл жерде күндегі тіршіліктен балалар демалады.
Үстелімнің үстінде тұратын ең бірінші кітабым - Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы». Жылына бір оқып шығамын. Жас қосылған сайын сіз әр уақытта, әртүрлі қабылдайсыз. Ол кітапқа біз қайта айналып келіп оқитын болғандықтан, құндылық деп есептеуге болады. Сондықтан кітапқа жұмсалған қаржы - өзіңе салынған инвестиция.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы