Басты Жаңалықтар Елдегі эпиджағдай бақылауда

Елдегі эпиджағдай бақылауда

Ел ішіндегі емдеу мекемелерінде санитарлық өңдеу жұмыстары күшейтіліп жатыр. Балабақшаларда таңғы фильтр жұмыстары жанданса, мектептерде оқушының сабаққа келе сала, денсаулығын бақылау қолға алынды. Өйткені тұмау жұқтырғандар азаймай отыр. A типтегі H3N2 вирусымен ауырғандардың дені балалар.

Бірақ мамандар тұмаудың бұл түрі Қазақстанда бұрыннан бар, күз-қыс мезгілдерінде кездесетінін айтады. Көпшілік арасында Гонконг тұмауы деп айтылып жүрген вирусқа республика бойынша 578 адам шалдыққан.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

Жаңадан пайда болған штамм немесе жаңадан пайда болған субвариант емес, 1968 жылдан бері Гонконгта пайда болғаннан бері мемлекеттердегі, Қазақстандағы айналымда жүрген тұмаудың А типіндегі нұсқасы. Әрине тұмаудың өзге де нұсқалары сияқты кішкене жіті респираторлы вирустық инфекцияларға қарағанда өте қатаң жүреді, ауырлау жүреді. Температура 38, одан да жоғары болып бірден кетпей, біразға дейін тұрып алуы мүмкін.

Бүгінде медқызметкерлердің барлығына бетперде кию міндеттелді. Ал 1-сыныпта жіті респираторлы вирустық инфекция мен тұмау жұқтырған оқушы саны 30 пайыздан асса, сол сынып онлайн оқуға көшуі мүмкін. Алайда шектеу шаралары, карантин енгізу әзірге жоспарда жоқ. Мамандардың болжамынша, эпиджағдай желтоқсан айының екінші аптасында тұрақталады. Стационарлы емханаларда төсек-орындар жеткілікті. Биыл 2 миллионнан аса адам тұмауға қарсы вакцина алған.


Бөлісу