Басты Жаңалықтар Бразилияда БҰҰ климаттық конференциясы өтіп жатыр

Бразилияда БҰҰ климаттық конференциясы өтіп жатыр

Бразилияның Белем қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттық конференциясы өтіп жатыр. Оған әлемнің 190-нан астам елінен делегаттар келді. Осы жиын қарсаңында дүниежүзі ғалымдары жаһандық температурадан адамзатқа төнген қауіпті саралап, қорытындыларын жариялады. Сол зерттеулердің кейбіріне Арыстан Рысбек шолу жасайды.

Климаттың жылдам өзгеруіне байланысты ауа райы кейінгі жылдары бүкіл әлемде адамдар мен қоршаған ортаға көбірек кері әсер етіп жатыр. Климатолог-ғалымдардың биылғы зерттеуіне тоқталсақ, жаһандық температура тез көтеріліп келеді: 2023-2024 жылдары ол рекорд жаңартқан. Биыл да солай болатын тәрізді. Ал 1990-2000 жылдармен салыстырғанда дүниежүзілік температураның көтерілу жылдамдығы 50 пайызға артқан екен.

Гэвин Шмидт, НАСА-ның Годдар атындағы ғарыштық зерттеулер институтының директоры:

Біз расында да кейінгі 20 жылда бұрынғы онжылдықтармен салыстырғанда температураның көтерілу жылдамдығының артқанын байқап отырмыз. Тағы да күрт өсе ме? Екіталай. Бірақ біз осы өзгерістің зардабын қазір көре бастадық.

Сонымен қатар теңіздердің деңгейі де тез көтеріліп жатыр. Бұрын ол жылына екі милиметрге әрең жоғарылаушы еді. Кейінгі онжылдықтан бұл көрсеткіш 4 жарым милиметрге жеткен.

Қазан айында жарияланған баяндамаға қарағанда күн осылай мөлшерден тыс жылына беретін болса, Амазонка орманы саваннаға айналады. Ал Антарктиданың ақ мұзы кеміп, қара суы Күн энергиясын жерге көбірек тартып, жаһандық температураны тіпті көтеруі мүмкін. Ғалымдардың ойынша, бұл келеңсіз процесті тоқтату үшін атмосфераға көмірқышқыл газын таратуды мейлінше азайту қажет.

Гэвин Шмидт, НАСА-ның Годдар атындағы ғарыштық зерттеулер институтының директоры:

Жағдай қиындап барады. Жаһандық температураны тұрақтандыру үшін біз ауаға тарайтын зиянды қалдықтар деңгейін нөлге түсіруіміз керек. Бірақ бұл үлкен проблема. Оны таяу жылдары еңсере алмайтын тәріздіміз. Демек, сынап бағанасы ары қарай да көтеріліп, экстремалдық жағдайлар көбейе береді.

«Орман өрттерінің жағдайлары» атты баяндамаға сүйенсек, 2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың ақпанына дейін жер шарында 4 миллион шаршы шақырымға жуық жасыл желек күлге айналған. Бұл – Үндістан мен Норвегия территорияларын қосқандағыдай аумақ.

Ғалымдардың ойынша, жаһандық температура индустриалдық дәуірге дейінгі деңгейінен 1 жарым градустан артық аспауы керек. Әйтпесе жер-жаһанды алапат тасқындармен бірге қуаңшылық тәрізді өзге де апаттар жайлауы мүмкін. Ал Дүниежүзілік метеорология ұйымының есебінше, әлемдік температура қазірдің өзінде тиісті нормадан 1,3 – 1,4 градусқа асып кеткен.


Бөлісу