Басты Жаңалықтар Қостанайға Германиядан кертағының тағы бір легін әкелді

Қостанайға Германиядан кертағының тағы бір легін әкелді

Бүгін Қостанайға жабайы жылқы – кертағының тағы бір легі Германияның Берлин қаласынан тікелей ұшақпен жеткізілді. Бұған дейін бірінші маусымда төрт жылқы Чехиядан әкелінген еді. Сонымен биыл жеткізілген кертағы саны 8-ге жетті. Ұшақтан түсірілген жылқылар көліктерге тиеліп, Торғай өлкесіндегі Алтын Дала резерватына дейін тағы 500 шақырымнан аса жол жүреді. Жол бойы жабайы жануарлардың жай-күйін қорықшылар, ветеринар мамандар бақылап отырады. Кертағылар Қазақстан даласынан шамамен 200 жыл бұрын жойылып кеткен. Жобаның межесі – тарихи мекендеу аумағы саналатын Торғай даласында олардың популяциясын қайта қалпына келтіру. Бұған дейін жеткізілген кертағылар Алтын Дала резерваты аумағындағы реинтродукция орталығына орналастырылған. Мұнда оларды кезең-кезеңімен жергілікті климатқа бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Сонан соң табиғи ортаға жіберіледі. Осы жоба басталғалы Қазақстанға 22 кертағы әкелінген.

Данияр Тұрғамбаев, ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
Біздің басты мақсатымыз жабайы жылқылардың табиғи популяцисының тұрақтылығын қалпына келтіру. Бағдарлама аяқталғанға дейін 40 жылқы әкелуді жоспарлап отырмыз. Әкелінген жылқылардың бәрінің жағдайы жақсы.


Бөлісу