Автолизинг: Көлік сатып алу жеңілдейді
Көлік алу жеңілдейді. Желтоқсанның 1-нен бастап автолизинг бағдарламасы іске қосылады. Оның шарттары да белгілі. Алдын ала мәлімет бойынша, тиімді мөлшерлеме 10 пайыздан аспауы керек. Ал несие мерзімі көліктің маркасы мен шыққан жылына қарай өзгеріп отырады. Бастамаға қатысты автосарапшылардың пікірі қандай? Бұл бағдарлама қаншалықты тиімді?
Автолизинг туралы бастама көтерілгелі халық арасында түрлі пікір мен болжамдар айтылып жүр. Әзірге белгілісі бағдарлама 1 желтоқсан күні іске қосылады. Жаңа құрал азаматтарға көлікті лизингке алып, кейін оны сатып алу немесе кері қайтару мүмкіндігін береді. Бұл механизм жеңілдетілген автонесие бағдарламаларына балама ретінде қарастырылып отыр. Автосарапшылар жауаптыларға мынадай талаптарды ескерген жөн дейді.
Санат Нұрбаев, автосарапшы:
Автонесиеге берілетін көліктерді қазіргі құнынан бірнеше есе қымбаттатып жіберсе, әрине, халыққа тиімсіз болады. Егер сіз көлікті алсаңыз, оны кемінде 3-5 жылдан кейін сатып алу керек. Және жол көлік оқиғасы болған жағдайда сақтандыру компаниялары жартылай немесе толықтай көлік құнын өтей ала ма, жоқ па? Осы айтылған талаптар халыққа тиімді болса, әрине, автолизинг тиімді.
Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген қағидалар жобасына сай лизинг мерзімі көлікті пайдалану уақытының 75 пайызынан кем болмауы тиіс. Халықаралық тәжірибе бойынша бұл шамамен 5-6 жылдың маңайы.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әртүрлі көліктің кепілдік жүрісі бар. 5 жыл дейміз, 10 жыл дейміз. Мәселен, еуропалық көліктерге кепілдік 10 жылға беріп жатыр. Сол 10 жылдың 75 пайызы болса - 7 жыл. Ал Оңтүстік Корея немесе Қытай болса, 3 жыл мерзімге береді. Олардың 75 пайызы 2 жылды құрайтын болса, 2 жылға береді. Сол 2 жыл соның бағасын бөліп береді. Оған сақтандыру, техникалық қарау қызметін қосады, комиссиясын қосады -соның бәрі айлыққа бөлініп, берілген уақыт мөлшеріне бөліп беріледі.
Бүгінде әлем елдерінің 80 пайызында халық автокөлікті лизинге алады. Оларда алғашқы жарна жоқ. Бізде де енгізілмеуі тиіс дейді, депутат. Ал несиенің жылдық мөлшерлемесін 10 пайыздан асырмау шаралары қаралып жатыр екен. Транспортты сақтандыру мәселесі де назарға алынған.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл лизингтің классикалық талаптары. Ол міндетті түрде бізде де сақталуы керек. Қазақстанда отырып, лизингтің басқа бір нұсқасын ашу керек емес. Дүниежүзінде бар нәрсе. Негізгісі біз халыққа қолжетімді көлік жасауымыз керек.
Тағы бір айта кететін жайт, лизинг берушінің алатын сыйақысы көлік құнының 46 пайызынан аспауы керек. Яғни, сақтандыру, техникалық және басқа да қызметтің шығындары осы 46 пайыздың ішінде болуы шарт. Ал лизингтің артықшылықтары - ай сайынғы төлем бірте-бірте азаяды, көлік салығын, басқа да алымдарын төлемейсіз, оны лизинг берушінің өзі өтейді. Рәсімдеу кезінде кепілзат талап етілмейді, төлем кестесі икемді келеді, сондай-ақ машинаны сатып алуға міндеттемейді. Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған соң басқа автомобильге жаңа шарт ресімдеуге болады. Кемшіл тұстары да бар, мәселен, автокөлік сіздің меншігіңіз болмағандықтан, оны басқа біреуге сата алмайсыз. Көлік құнын мерзімінен бұрын өтеп тастай алмайсыз.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 5 млн 574 мың автокөлік тіркелген. Соның 80 пайызы 10-20 жылдан бері жүрген ескі көліктер. Яғни, 2,5 млн жүргізушінің бастапқы жарнасын төлеп, несиеге көлік алуға мүмкіндігі жоқ. Автолизинг осы мәселені шешуге септесу тиіс дейді, мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы