Сурдлимпиада: Ел намысын 78 спортшы қорғайды
Жиырма бесінші жазғы Сурдлимпиада ойындарының басталуына екі апта қалды. Жапония астанасында өтетін жарыста ел намысын спорттың сегіз түрінен 78 спортшы қорғайды. Жаһандық дода бәсекелестікке толы болғалы тұр. Қарсылас – 80 елдің кіл мықтысы.
Бұл қазақстандық атлеттер қатысқалы жатқан жетінші Сурдлимпиада. Қазір құрама толық жасақталып бітті. Спортшылардың 80 пайызы бұрын мұндай бәскелерге қатысса, қалғаны бірінші рет бақ сынайды. Ұлттық құраманың ең үздік көрсеткіші – 13 орын. Өткен Бразилиядағы жарыста қоржынға 4 алтын, 7 күміс, 18 қола түскен.
Әділбек Әділжан, Сурдлимпиадалық және паралимпиадалық емес спорт түрлері бөлімінің басшысы:
Ұлттық құрама командадан 20 медаль күтіп отырмыз. Оның ішінде 4 алтын, 5 күміс және 11 қола медаль. Бұл Сурдлимпиада ойындарында барлық спортшымызға үміт артамыз. Ешқандай спорт түрін бөлмейміз. Қазақстанның туын ұстайтын дзюдодан Айдос Түгелбаев және қызымыз Крамарова Анна.
Сурдотаеквондошылар додаға толық құраммен қатысады. Олар 2022 жылы 5 қола жеңіп алған. Токиода нәтижені жаңарту міндеті тұр. Жүлдеге үміткерлердің бірі 80 келіде бақ сынайтын, әлем чемпионатының күміс жүлдегері – Руслан Ахметов. Ол үш жасына дейін естіп, еркін сөйлеген. Алайда, аяқ асты сырқаттанып есту қабілетінен айырылған.
Руслан Ахметов, сурдотаеквондошы:
Бұл менің Сурдлимпиада ойындарына алғаш рет қатысуым. Қазір біз негізінен техника мен тактика бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Осыған дейін Қарағанды мен Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Таяуда Кореяға барып дайындығымызды пысықтаймыз. Менің басты мақсатым – осы жарыста жүлдегерлер қатарынан көріну.
Токиодағы сынға үстел теннисінен қыздар командасы бірінші рет қатысады. Бұл жарыста 8 сурдоспортшы ел намысын қорғайды. Соның бірі – Яна Михеева. Оған екі жақты 4 дәрежелі нейросенсорлық есту мүкістігі диагнозы қойылған. Ол сөйлей алады, тек арнайы аппаратпен естиді.
Яна Михеева, сурдотеннисші:
Мен барлық сайысқа қатысамын. Яғни жекелей сында, жұптық сайыста және аралас жұптық, командалық бәсекеде бақ сынаймын. Жоғары нәтиже көрсету үшін бар күшімді жұмсаймын. Бұл спорт түрімен 8 жылдан бері айналысамын, ал сурдо үстел теннисіне келгеніме 4 жылдан асты.
Сурдлимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне де мемлекет тарапынан сыйақы беріледі. Чемпиондарға 250 мың, екінші орынға 150 мың, қола жүлдегерге 50 мың доллар бұйырады. Сондай-ақ 6 орынға дейін алғандар да құр қол қалмайды.
Бұл төлемдер спортшылардың жеке жаттықтырушыларына және бас жаттықтырушыларына да беріледі. Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында Токиода өтеді. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы 
                                 
                                 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                    