Басты Жаңалықтар Түркістан облысында мақта теру науқаны қыза түсті

Түркістан облысында мақта теру науқаны қыза түсті

Түркістан облысында  мақта теру науқаны қыза түсті. Ала жаздай еңбек еткен  диқандар қазір ақ алтынды ысырыпсыз жиып алу үшін барын салуда.  Биыл облыс шаруалары 144 мың гектарға мақта егіп,  470 мың тонна шитті мақта жинайды, деп күтілуде. Өңірде 25 мақта зауыты мен 175 қабылдау бекеті ашылған. Ал мақта бағасы қандай? Ол шаруалардың шығынын жаба ма? 

Қазір Мырзашөл өңірінде шаруалардың тірлігі қауырт. Таңның атысымен алқап басында жүрген мақташылар өнім жинауда.  Ерте қамданғандарының алды мақтасын қабылдау пунктіне өткізіп қойса, біразы жиын-терімді әлі бастамады.  Арнайы техниканы күтуде. Десе де шаруалар биылғы құрғақшылық біраз қиындықтар туғызғанын айтады. 

Исмайл Хабибов, шаруа:

Су өте аз болды. Ақырында суардық. Көріп тұрсыздар, әлі лай. Дәу комбайн кіре алмай тұр. Жеңіл трактормен теріп жатырмыз. Былтырғымен  салыстырғанда, биыл сәл жақсы. Баға 250, сәл аз, бірақ болады.

 Аймақта биыл 119 мың гектардан, 338 мың тонна шитті мақта жиналды. Әзірге орта есеппен  гектарынан 26 центнер мақта алынған. Күн райы қарасып, шаруалар екінші терімге кіріссе, өнімділік 28 центнерге дейін көбеюі мүмкін дейді,-мамандар. 

 Әлібек Плалов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда жиналған мақтаның әрбір гектарынан 2,5 тонна мақта дақылдары жиналып отыр. Мақтаның бағасы әр келісіне 200 теңгеден алдын ала төлем жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни мақтасын толық сатамын деген шаруаларға 250-270 теңгеден қаржылай төлем жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ өнімділікті арттыруда  шетелдік озық технологиялар енгізілуде. Қазір тамшылатып суару әдісімен егілген егіс көлемі 50 мың гектарға жетті. Қытайлық компания Отырар ауданынан мақта шитін тазалайтын цехты іске қосты.

 Жеңіс Қастер, қытайлық компания өкілі:

Бізде биыл шамамен 16 тоннадай мақта жиналады Соның қазір 2 мың тоннадайын зауытқа салып, престеп шығарып жатырмыз. Күніне бір зауыттан 185 тонна мақта өндіріледі. Дан кейін 700 тоннадай мақтаның дәні өндіріледі.

Жаңа жоба арқылы қуаттылығы жылына 160 мың тонналық заманауи мақта өңдеу зауытын іске қосу, сондай-ақ 6 мың тонна мақта тұқымын шығаратын өндірістік желісін құру көзделген. Ал, келер жылы мақтадан жіп иіріп, мата шығаратын тағы 2 зауытты ашу жоспарланып отыр.

Бөлісу