Басты Жаңалықтар «Таза Қазақстан» байқауының үздіктері марапатталды

«Таза Қазақстан» байқауының үздіктері марапатталды

Талдықорғанда «Таза Қазақстан» байқауының  үздіктері марапатталды. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен қаржылай сертификат табысталды. Салатанатты рәсім бүгінгі жалпыұлттық тазалық акциясы аясында өтті.

Жетісу облысындағы 352 елді мекеннің ішінен Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылы үздік деп танылды. Сондай ақ Көксу ауданындағы Жарлыөзек ауылы екінші орынды иеленсе, Ескелді және Алакөл аудандарынан Нұрмолда Алдабергенов пен Ақтүбек ауылдары бір саты кейін жайғасты.

Сержан Андасбаев, Жолбарыс Батыр ауылдық округінің әкімі:

Кәлпе ауылында соңғы жылдары арнайы мәдениет үйі, спорт кешені, ойын алаңдары салынып жатыр. Оның барлығы мемлекет тарапынан ауылдық мекендерге көңіл бөлініп жатқандығынан. Енді мен өте қуаныштымын. Бұдан да әрі ауылымның өркендеуіне өз үлесімді қосамын.

Ал аймақтағы «Үздік аудан орталығы» номинациясын  Сарыөзек кенті, Жаркент  және Сарқан қалалары жеңіп алды.

Амантай Орынбеков, Сарқан қаласының әкімі:

2025 жылы бүгінге күнге дейін мыңнан астам ағаш егілді. Тағы да мың ағаш жоспарда бар. Мың кубтай қоқыс шығарылды. Бұл марапат бізге енді екі есе жауапкершілік жүктейді.

Бүгін Жетісу өңірінде  22  мыңнан астам адам «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты.  Облыс көлемінде 9 мың 500-ге жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Жалпы күзгі  науқанда аймақта 63 мыңнан астам ағаш егу межеленген.

Марлен Көлбаев, Жетісу облысы әкімінің орынбасары:

Облысымызда ескірген үйлердің шатырлары мен қасбеттері жасалып жатыр. Балалар ойын алаңдары салынып жатыр.  Аулалар жаңартылып жатыр. Көше жарықтары жасалып жатыр. Бұның барлығы да осы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалып жатқан шаралар.

Жетісуда бүгінге дейін тазалық жұмыстарына 182 мыңнан астам адам қатысып,  13  мың тонна қоқыс шығарылған. Экологиялық акция жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Бөлісу