Басты Жаңалықтар Елімізде ең төменгі жалақы 99 мың теңге болады

Елімізде ең төменгі жалақы 99 мың теңге болады

Ең төменгі жалақы 99 мың теңгеге дейін өседі. Бүгін Сенатта осы мәселе қаралды. Сонымен қатар мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген қазақстандықтар Қатарға жұмысқа бара алады. Осы Заң жобалары туралы Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Қазір елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Тиісті министрлік өкілдері аталған сома Қазақстандағы еңбек өнімділігі мен медиандық жалақыны ескере отырып бекітілгенін жеткізді. Алайда Сенат төрағасы макроэкономикалық көрсеткіштерді емес, азаматтардың нақты қажеттілігін ескеру керек дейді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Сіздер өз әдістеріңізге сүйеніп, орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне басымдық беріп отырсыздар. Алайда бұл жерде концептуалды тәсілді өзгерту туралы сөз болып отыр. Коэффициенттердің көмегімен өздеріңіз түзете алатын макроэкономикалық көрсеткіштерге жүгіне бермей, адамның қажеттіліктеріне, оның өмір сүру стандарттарына ден қою керек. Ең төменгі жалақыны соның негізінде белгілеу қажет.

Парламенттің жоғарғы палата отырысында «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялауға қатысты» заң мақұлданды. Бұл - Қазақстанда еңбек жағдайын жақсартуға арналған құжат.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:

Әдістеме бар, конвенцияны ратификацияладық, енді ең төменгі жалақы жыл сайын қарастырылуы керек. Азаматтық қызметкерлерге біз 99 мың теңгеден көрсеткіш қойып, ақшаны қарастырып қойдық.

Яғни, келер жылы ең төменгі жалақы 99 мың теңгеге өседі. Алдағы бес жылда ең төменгі еңбекақыны медиандық және орташа айлықтың 50 пайызына теңестіру көзделіп отыр.

Қазақстандықтар Қатардың мұнай-газ саласына жұмысқа орналаса алады

Сенат отырысында тағы бір маңызды заң мақұлданды. Ол «Қазақстан мен Қатар арасындағы жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялауға қатысты».

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Оған сай келесі жылдан бастап еңбек квотасы арқылы азаматтар Қатардың мұнай, газ өндіретін кәсіпорындарына жұмысқа орналаса алады және олардың құқығы заңмен қорғалады. Әзірге еңбек мерзімі белгісіз, дегенмен Таяу Шығыс елінде отандастырымыз 3 жылға дейін нәпақа табу құқығына ие болады деген ақпарат бар.

Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазақстан азаматтарын Қатар мемлекетінде жұмысқа орналыстыру рәсімі қатарлық жұмыс берушінің өтінім беруінен басталады. Онда біліктілік талаптары, еңбек жағдайлары, еңбек шартының ұзақтығы және басқа шарттар көрсетіледі. Өтінімдерді жинағаннан кейін Қатар мемлекетінің министрлігі оларды Қазақстанға жібереді, өтінімдерді алғаннан кейін Қазақстандық тарап кандидаттарды жинай бастайды. 

Мұнай-газ саласында тәжірибесі бар кез келген қазақстандық Қатарға жұмысқа бара алады. Дегенмен олар алдымен Түркістан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында ашылған орталықтарда арнайы курстан өтуі керек.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қазір шетелде жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарының саны 120 мыңнан асты. Оның 800-ден астамы Қатар елінде еңбек етеді.


Бөлісу