Басты Жаңалықтар СҚО-дағы мал дәрігерлері әулетін ауылдастары мақтап отыр

СҚО-дағы мал дәрігерлері әулетін ауылдастары мақтап отыр

Солтүстік Қазақстан облысында тұратын Бисариндер жанұясы ветеринар мамандығын әкеден балаға жалғап келеді. Әулеттегі еңбек адамдарының бұл салада қызмет етіп келе жатқанына жарты ғасырдан асқан. Бір отбасындағы ветеринарлар ауылдық округтегі 10 елді мекенде, бірнеше шаруа қожалығында жұмыс істейді.

Меруерт Мәкен - жоғары білімді ветеринар дәрігер. Сырт көзге нәзік көрінгенімен, мінезі қайсар. Былтыр Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық универисетін тәмамдаған. 4 жыл бойы алған білімі мен тәжірибесін туған жерде кәдеге жаратуды жөн санапты.
Меруерт Мәкен, ветеринар дәрігер:
Осы мамандықты таңдауымның себебі – ата-анам. Біз мектеп оқып жүрген кезден-ақ барлығын көріп, бірге біліп, үйреніп жүргенбіз. Маған аса қатты ауыр емес, өйткені ағам бар, әкем бар қасымда, көмектеседі.
Ветеринарлар таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппайды. 10 ауылда 7 мыңнан астам жылқы, ірі қара мен қой-ешкі бар. Уақытында тексеру, алдын алу, диагностикалық шараларды атқарып, әр малдың құжатын толтырып үлгеру қажет. 
Ержан Ахметжанов, ауыл тұрғыны:

Сағат 4-5-тен келеді. Қай көшеге келетінін айтады. Содан күтіп тұрамыз. Келеді, анализ алады, сосын 6-7 кезінде малды шығарамыз. Ерте келеді. Керек дәрілерін айтады. Бәрі жақсы, ветеринар дәрігерлер оңды жұмыс істейді.

Жадыра Бисаринаның атасы ветеринар болған. Әкесі де мал шаруашылығы саласында еңбек етіпті. 
Жадыра Бисарина, ветеринар-фельдшер:

Малдың арасында жүрген ұнайды. Мысалы, біреудің малы ауырып та қалады. Хабарласып, шақыртады, шақыру көп болады. Барасың, емдейсің. «Ой, жақсы болды, тәуір боп кетті», - деп, айтып жатады, қуанамыз. Біздің еңбегіміздің нәтижесі жақсы болып шыққанына қуанамыз. Ұнағасын істеп жүрміз, ұнамаса, бір күн де істемейтін едім. Бірақ өте қауіпті жұмыс.

Қайсар Мәкен, оператор:
Ауылдың баласы болғасын қаланы қатты жақсы көрмеймін. Ауылда мал ұстаймыз, отын дайындаймыз. Ауылдың жұмысы көбірек  ұнайды.
Төрт түлікпен жұмыс істеу үшін жауапкершілік қана емес, жанашырлық та қажет. Ата кәсіпті нәсіп еткен отбасы – көпке үлгі.


Бөлісу