ХАМАС пен Израиль бейбіт жоспардың алғашқы легін жүзеге асыруға келісті
Мысырда Израиль мен ХАМАС бейбіт келісімнің алғашқы кезеңі бойынша уағдаластыққа қол жеткізді. Олар Газа секторында атысты тоқтату жөнінде бейбіт жоспардың бірінші кезеңін іске асыруға келісті. Бұған тараптар кездесудің үшінші күнінде қол жеткізді. Бітім негізі – президент Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспар.
Израиль мен «Хамас» арасында Мысырда өткен тікелей емес келіссөздің нәтижелі болғанын АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде жариялады. Ақпаратты «Хамас», Израиль өкілдері мен арағайын болған мемлекеттер өкілдері растады. Тараптар Газа секторында атысты тоқтату жөнінде бейбіт жоспардың бірінші кезеңі бойынша уағдаластыққа қол жеткізген. Қуанышты хабарды палестиналықтар мен израильдіктер ерекше қабылдап, оны тарихи сәт деп атады.
Халед Саат, Газа тұрғыны:
Бұл күнді палестиналықтар ұзақ күтті. Екі жыл бойы қырғын мен геноцидті бастан өткердік.
Анат Бердуго, Иерусалим тұрғыны:
Кепілдегілер босатылады деген хабарды естіп қуандым. Бұл қуанышты көп күттік. Трампқа, Нетаньяхуға алғыс айтам.
Трамп ұсынған бейбіт жоспар 20 пункттен тұрады. Ол Газадағы соғысты тоқтатуға, кепілдегі израильдіктер мен түрмедегі палестиналықтарды босатуға бағытталған. Бітімнің бірінші фазасы Израиль үкіметі құптағаннан кейін күшіне енеді. «BBC-дің» мәліметінше, Израиль кабинеті бұл мәселеге қатысты бүгін отырыс өткізеді. Ал «Хамас» кепілдегілерді дүйсенбіден бастап босатуы мүмкін. Қарулы топ келісімнің алғашқы кезеңінде тірі қалған 20 израильдік пен 28 мәйітті қайтаруы тиіс. Бұған қоса, Израиль Газадан әскерін әкете бастап, секторға гуманитарлық көмек кіргізуге рұқсат берілмек.
Ахмед Фуад Әл-Хатиб, саяси сарапшы:
Бұл бір мәміле біріктірілген екі келісім екенін түсіну қажет. Біріншісі - атысты тоқтату, кепілдегілерді босату, тұтқын алмасу. Екіншісі - Газаның болашағы мен оны басқаруға, қарусыздануға қатысты. Келіссөздер ұзақ әрі күрделі болды. Бұл соғыс аяқталады деп айту әлі ерте. Бірінші кезеңнен кейін не болатыны белгісіз.
Ал толықтай жүзеге асса, бұл келісім аймақтық қақтығысқа айналған соғысты тоқтатуға бағытталған ең нәтижелі бітім болмақ. Газа секторында соғыс 2023 жылдың 7 қарашасында Хамас Израильге шабуыл жасап, 1139 адамды өлтіріп, 251-ін кепілге алғаннан кейін басталды. Израильдің бұған жауап ретінде бастаған соғысынан, 2 жылда 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. БҰҰ-ның тәуелсіз зерттеулеріне сай, марқұмдардың 2/3-сі балалар мен әйелдер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
